Екатеринбургте Құрлықтық хоккей лигасының Жұлдыздар Уикендінің алғашқы күні аяқталды.
ҚХЛ 2026 Жұлдыздар Матчының алғашқы жартылай финалында U23 Stars пен World Stars командалары кездесті. Бұл ойында жас әрі жігерлі U23 ойыншылары 8:5 есебімен басым түсті. Адам Шил екінші кезеңде мұз айдынына шығып, ойын барысында екі буллитті қайтарды. Жеңімпаздар сапында Матвей Короткий хет-трик авторы атанды.
Михаил Кравец, KHL World Stars және «Барыс» бас бапкері
-Ең алдымен, бұл баршаға арналған хоккей мерекесі. Ұйымдастырушылар әдеттегідей жақсы жұмыс істеді, ал арена туралы бұған дейін де айтқанмын, осында ойыншылар мен бапкерлерге де, жанкүйерлерге де барлығы ыңғайлы. Осындай іс-шараларды тамашалауға көп көрерменнің келуі өте қуантады. Қатысушылар үшін бұл маусымдағы нағыз тартысты ойындардан аздап сергіп, жағымды эмоция алып, демалуға мүмкіндік. Шилді қалай дайындадым? Оған тек ойыннан ләззат алуды айттым. Мұндай кездесулерде қақпашыларға жүктеме көп түседі, себебі командалар қорғаныссыз ойнайды. Үшінші орын үшін ойын? Бір ғана мақсат болады – жеңіс үшін ойнау.

Адам Шил, KHL World Stars және «Барыс» қақпашысы
- Бұл мансабымдағы алғашқы Жұлдыздар Матчы. Өте көңілді, осында болғаныма қуаныштымын. Біз жас әрі аш ойыншыларға жол бердік. Оларда біздің командадағы тәжірибелі хоккейшілерге қарағанда энергия әлдеқайда көп болды. Бірақ жақсы эмоция алдық, ертең оны қайталауға тырысамыз. Буллиттер сайысы ма? Иә, біраз келісіп алдық, бірақ импровизация да болды. Балалардың да мұзда ләззат алып жүргенін көру керемет. Көпшілік осында отбасымен, балаларымен бірге демалысқа келген. Арена мен қала туралы? Екатеринбург – тамаша қала. Арена да өте жақсы, киім ауыстыратын бөлмелер ыңғайлы. Тағы да айтамын, осында болғаныма қуаныштымын. Әуежайда және Жұлдыздар Матчында қарсы алған қазақстандық жанкүйерлер туралы? Астанада бізді қолдайтын жанкүйерлер керемет, меніңше, Лигадағы ең үздіктердің бірі. Олар әр матчта, жақсы да, қиын сәттерде де қолдап келетіні үшін алғыс айтамыз.
Сондай-ақ көрермендер Мастер-шоудың үш сайысын тамашалады: «Әсерлі буллит», «Жылдамдық шеңбері» және «Капитандар сайысы». Ural Stars пен «Салават Юлаев» ойыншысы Алексей Василевский буллитті ұлттық башқұрт бас киімі бүрек киіп орындады. Қолында клюшкамен бірге дәстүрлі үрмелі музыкалық аспап – қурай болды. Василевский қурайдың көмегімен қақпашыны «сиқырлап», шайбаны қарсылықсыз қақпаға енгізді. Бұл әрекет жанкүйерлер дауыс беруінде жеңіске жетті.
Жылдамдық шеңберінде ең үздік нәтиже U23 Stars пен «Нефтехимик» ойыншысы Герман Точилкинге тиесілі болды. Ол қашықтықты 13,733 секундта еңсерді. Дәлдікке лақтыру, дәл пас, хоккей бильярды, хоккей баскетболы және «сәтті» соққы станцияларынан тұрған капитандар сайысында World Stars пен минскілік «Динамо» ойыншысы Сэм Энэс жеңіске жетті.
ҚХЛ 2026 Жұлдыздар Матчының алғашқы күнін 11 346 жанкүйер тамашалады.
Ертең World Stars турнирінің үшінші орын үшін матчында Ural Stars командасымен кездеседі. Ал шешуші ойында U23 пен Rus Stars күш сынасады. Сондай-ақ көрермендер Мастер-шоудың екінші бөлімін тамашалайды.
Фотосурет - photo.khl.ru, Юрий Кузьмин, Владимир Беззубов, Максим Шмаков.
Достарыңызбен бөлісіңіз
Войдите в профиль
Чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь
Достарыңызбен бөлісіңіз
Сілтемені көшіріп алыңыз немесе әлеуметтік желілерде бөлісіңіз.