«Барыс Аренада» «Барыс» ойыншыларының қатысуымен «Барыс» балалар-жасөспірімдер хоккей мектебінің тәрбиеленушілеріне арналған шеберлік сабағы өтті. Клубтың импакт-серіктесі AÑSA Foundation қорымен бірлесіп ұйымдастырылған шараға Артём Шестаков, Бейбарыс Оразов, Семён Симонов, Райли Уолш, Тайс Томпсон, Әлихан Әсетов және Кирилл Савицкий, «Барыс-2014» командасының ойыншылары мен клубтың бойтұмары қатысты.
Сабақ барысында қатысушылар сырғанау техникасы мен соққы жасау дағдыларын дамытуға бағытталған бірнеше жаттығу орындап, екіжақты ойын өткізді, сондай-ақ буллит орындауды пысықтады. Шара дәстүрлі түрде суретке түсумен және достық әңгімемен аяқталды. Кездесу барысында кәсіби ойыншылар өз тәжірибелерімен жас буынмен бөлісті.
Сәкен Мұсайбеков, «Барыс» клубының бас директоры:
- Бүгін біздің импакт-серіктесіміз, AÑSA жеке қорымен бірлесіп ұйымдастырылған шеберлік сабағы жай ғана жаттығу емес. Бұл жас хоккейшілеріміз үшін шынайы шеберліктің қалай қалыптасатынын көруге мүмкіндік. Мұндай кездесулер балаларға өз күшіне сенуге, тәртіп пен командалық жұмыстың маңызын түсінуге көмектеседі. Біз үшін балалардың хоккейге деген қызығушылығын қолдап, олардың әлеуетін ашуға және үлкен спорттық жетістіктерге бір қадам жақындауына барлық жағдай жасау өте маңызды.
Мұрат Жұманбай, AÑSA Foundation қорының атқарушы директоры:
- Балалар спортын дамыту AÑSA қоры жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Үлкен жеңістерге бастар жол жақсы жағдайдан және өз ісінің нағыз кәсіби мамандарымен бірге жаттығу мүмкіндігінен басталатынын жақсы түсінеміз. Біз спорттың қолжетімді болғанын, ал балаларымыздың дені сау әрі мақсатшыл болып өскенін қалаймыз. Қордың көмегі болашақ чемпиондардың нақты жетістіктеріне айналуы біз үшін маңызды.
Кирилл Савицкий, «Барыс» командасының капитаны:
- Бұл біздің балаларымыздың әрі қарай дамуы үшін маңызды шара. Бір кезде біз де олардың орнында болдық, ал қазір өз тәжірибемізді бөлісіп, оларды жаңа нәрселерге үйретуге тырысамыз. Ең бастысы олардың кәсіби тұрғыда дамуға деген үлкен талпынысы бар.
Нұрахмет Әбділсапар мен Артур Цхай, «Барыс-2014» командасының ойыншылары:
- Керемет эмоциялар алдық, негізгі командамен бірге жаттығу өте қызықты болды. Шынымызды айтсақ, мұндай сабақ болатынын білмеген едік. Кейін мұз айдынына Савицкий, Уолш және басқа ойыншылар шыққанын көргенде қатты қуандық. Уақытты жақсы өткіздік және қандай деңгейге ұмтылу керектігін көрдік. Кәсіби ойыншылардың қалай сырғанайтынын, қалай лақтыратынын, шешімді қалай қабылдайтынын байқадық. Біз үшін бұл өте пайдалы болды.
Достарыңызбен бөлісіңіз
Войдите в профиль
Чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь
Достарыңызбен бөлісіңіз
Сілтемені көшіріп алыңыз немесе әлеуметтік желілерде бөлісіңіз.