«Барыс» шабуылшысы Семён Симонов маусым алдындағы дайындықтың қорытындысын шығарып, «Ромазан мемориалындағы» алғашқы ойын туралы пікір білдірді.
– Жазда жақсы жұмыс атқардық деп ойлаймын. Жаңа бас бапкер келген соң, жаттығу процесі түгел өзгерді. Бұл командаға жаңа дем берді, көңіл-күйге де оң әсер етті. Қазір команданың ішінде бәсекелестік артты, бәрі бар күшін салып ойнауға тырысып жүр. Маусым алдындағы дайындық сәтті өтті. Иә, әзірге өзімізді сәл ауыр сезінуіміз мүмкін, бірақ маусым басталғанда бәрі жақсы болады деп сенемін.
– «Магниткамен» өткен ойынды қорытындылап өтсең.
– Әрине, ұтылғанымыз өкінішті. Ойынға бірден кірісе алмадық, бірінші кезең солай өтті. Екінші кезеңнен бастап бапкердің тапсырмасын орындап, өз ойынымызды тауып келе жаттық. Бірақ бізге гол жетіспеді. Егер сәл ертерек шайба соққанымызда, қысымды күшейтуге болатын еді.
– Көптеген айыптардың себебі неде деп ойлайсың?
– Мүмкін, бұл жеңіске деген үлкен құлшыныстан да шығар. Сонымен қатар, ережелерге өзгерістер енгізілгеннен кейін кей сәттерді басқаша бағалап жатқан сияқты. Қорытынды жасаймыз, келесіде мұқият боламыз.
– Сенің есепке алынбаған шайбаңды еске алсақ.
– Аз құрамда жақсы шабуыл жасалды. Алдымен қақпа орнынан қозғалды деп ойладым, кейін қақпашыны бөгеген деп белгіленгенін айтты. Өкінішті жағдай. Айтқанымдай, егер сол шайбаны ертерек соқсақ, эмоцияның күшімен алға ұмтылып, жеңіске жетуге болатын еді.
– Бірақ бәрібір өз голыңды соқтың. Ол қалай жүзеге асты?
– Паузада «6-ға 5» ойынындағы орналасуды көрсетті. Маған қақпа алдына тұруды айтты. Дима Бреус жақсы қозғалып, соққыға мүмкіндік тапты, мен бағыттап жібердім. Кейін білгенімде, ол шайбаға Кирилл Ляпунов та тиген екен. Біз Кириллмен бірге көп ойнадық, байланысымыз жақсы. Қазір бапкерлер қалай қойса, сол құрамда ойнап жүрміз, әр ауысымда өзіміздің лайықты екенімізді дәлелдеуге тырысамыз.
Достарыңызбен бөлісіңіз
Войдите в профиль
Чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь
Достарыңызбен бөлісіңіз
Сілтемені көшіріп алыңыз немесе әлеуметтік желілерде бөлісіңіз.