«Барыс» - «Ақ Барс» матчынан кейін (3:2 Б) командалардың бас бапкерлерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Юрий Бабенко, «Ақ Барс» ХК бас бапкерінің міндетін атқарушы
- Ойынды ойымыздағыдай бастаған жоқпыз. Қарсыласқа басымдық беріп қойдық. Екінші және үшінші кезеңдерде жақсы өнер көрсеттік деуге болады. Бірінші кезеңде жүзеге аспай қалған сәттер матч барысы мен нәтижесіне әсер етті.
- Буллиттер соққысында қақпашыны ауыстыру серияны құтқаруға тырысып бағу ма, әлде Мифтахов жарақат алып қалды ма?
- Қақпашылардың ойынына жауапты бапкер бар. Ол өз ойындағы ойынды қақпашыдан көре алмағаннан кейін, оны Биляловқа алмастырдық.
- Бүгін Адамчук Войновтың орнына шықты. Бұл ойынға күштік әдістерді көп қосуға талпыныс па немесе Владиславтың жарақаты бар ма?
- Ол бүгінгі ойынға жүз пайыз дайын болған жоқ, сондықтан оның орнына Кирилл шықты.
- Матч барысында үш бестікпен ойнауға көштіңіздер. Мысалы, бір матчта жиырма минут бойы ойнауға Шипачевтің күші қаншалықты жетеді?
- Біріншіден, Шипачевтің айдында жиырма минуттан өнер көрсеткен матчтары көп емес. Өткен маусыммен салыстырғанда, оның ойын уақыты едәуір азайды. Ойынның соңғы бес минуты қалған сәттен бастап, үш бестікпен ойнауға кірістік. Төртінші бестік өте күрделі жұмыс атқарды. Олар командаға екі рет сан басымдығын сыйлап, кем құрамда керемет өнер көрсетті. Оларға тағар еш мінім жоқ.

Андрей Скабелка, «Барыс» ХК бас бапкері
- Жақсы матч. Ойын алдында жігіттерден жылдам әрекет жасауды, қарсыластың шайбаға аз иелік етуін сұрадық. Қақпамызға соғылған голға дейін бұл біздің қолымыздан келді. Барлық жерде бір қадам алда жүріп отырдық. Қақпа алдында гол соғатын жақсы мүмкіндіктер жасап, одан нәтиже шығардық. Алайда соғылған шайбадан кейін басымдықты қарсыласқа беріп қойдық. Жігіттердің шыдамына, жандарын салып, соңына дейін ойнағандары үшін ризамын. Иә, гол жібердік, бірақ соңында жеңіске қол жеткіздік. Жанкүйерлерге рақмет! Командаға рақмет! Әр ойын сайын жақсарып келе жатқан сәттер бар. Қазір бізде кішігірім үзіліс басталады. Бұл үзіліс бәріне керек деп ойлаймын. Өз ойынымызды таптық және үзілістен кейінгі матчтар кестесіне осы демалыс міндетті түрде қажет. Өйткені, команданың тең жартысы «Бірінші арна Кубогына» қатысады.
- Дмитрий Шевченконың команда сапына енді ғана қосылғанын және оның «Авангард» сапында екі апта ойнамағанын ескере отырып, оны құрамға қосуда қорқыныш болған жоқ па?
- Жоқ. Ол тек біздің жүйемізде ғана емес, «Авангардтың» мықты жүйесінде болды, ойнады. Хартлидің шәкірті болды және осы маусымда айтарлықтай көп матчқа қатысқан. Мұратов уфалық командаға қарсы өткізген матчтан кейін кішігірім жарақат алып қалды. Қорқыныш болған жоқ.
- Дмитрий нәтижелі соққыға айналған айып уақытын алды. Соққы қабылдау – оның ойыны деп айта аласыз ба?
- Дмитрий Шевченконың кім екенін бәрі біледі. Командаға сан басымдығын алып беру, қарсыласқа қысым көрсету – оның ойыны. Командада күштік әдіс қолдана алатын ойыншы аз деп айттым, қазір осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатырмыз.
- Сіздің легионер қорғаушыларды қазақстандық ойыншылармен жұптастыратыныңызды байқадық. Бұл солай ойластырылған арнайы тактика ма, әлде олар ойын стильдері бойынша бір-біріне ұқсай ма?
- Екеуі де. Бұл Әділ Бекетаевтың да, Тамирлан Гайтамировтың да ҚХЛ-дағы алғашқы толық маусымы және олар алаңда көп уақыт өткізуге мүмкіндік алып жүр. Самат Данияр соңғы ойындарға қатыспағанымен, алдағы матчтарда міндетті түрде алаңға шығады. Саматтан жақсы прогресс байқап жүрміз.
«Барыс» ХК бас серіктесі - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ
«Барыс» ХК серіктесі - «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ
Достарыңызбен бөлісіңіз
Войдите в профиль
Чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь
Достарыңызбен бөлісіңіз
Сілтемені көшіріп алыңыз немесе әлеуметтік желілерде бөлісіңіз.