«Барыс Арена» баспасөз орталығында UTLC Ice Cup халықаралық турнирінің алтыншы маусымы қарсаңында баспасөз мәслихаты өтті.
Іс-шараға «ОТЛК ЕРА» АҚ бас директоры Алексей Гром, «Барыс» хоккей клубы бас директорының спорт жөніндегі орынбасары Алексей Мамонтов, клубтың жас ойыншыларды дамыту жөніндегі жаттықтырушысы Лео Гудас, канадалық маман, Еуропаның бірқатар командаларын жаттықтырған Джейсон О’Лири және турнирге қатысушы командалардың өкілдері қатысты.
Алексей Гром, «ОТЛК ЕРА» АҚ бас директоры:
- Мен бұған дейін де бірнеше рет айтқанмындай, біздің компания үшін осындай турнирді көп жылдар бойы қолдау үлкен мәртебе. Бүгін мінберде хоккейі дамыған Чехия мен Канада елдерінің өкілдерін көру – одан да зор қуаныш. Кейде менен «хоккеймен тікелей айналыспайтын компания үшін мұндай турнирді ұйымдастыру қиын емес пе?» деп сұрайды. Шын мәнінде, бұл ауыртпалық емес, керісінше үлкен ғанибет. Осында бірге болып, жас таланттардың мұз айдынындағы өнерін тамашалау біз үшін қуаныш. Осындай тамаша кубоктың әсем қалада, заманауи кешенде өтіп жатқаны ерекше әсер береді. Баршаңызды турнирдің басталуымен құттықтаймын! Қатысушылар мен жаттықтырушыларға сәттілік, ойыннан ләззат алып, өз мүмкіндіктеріңізді толық көрсетулеріңізді тілеймін. Ал жанкүйерлерді трибунаға келіп, сүйікті командаларын қолдауға шақырамын.
Алексей Мамонтов, «Барыс» ХК бас директорының спорт жөніндегі орынбасары:
- Баршаңызды Астанада қайта қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Бұл турнир бес елдің командаларын біріктіріп, хоккейдің дамуына серпін беретін маңызды алаңға айналды. Қатысушылар үшін бұл шеберліктерін көрсетіп, тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік. Алда тартысты да қызықты ойындар күтіп тұр. Турнир жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. ОТЛК «ЕРА» компаниясына, соның ішінде Алексей Николаевич Громға көп жылғы қолдауы үшін ерекше алғыс білдіремін. Осындай қолдаудың арқасында елімізде және серіктес елдерде жасөспірімдер хоккейі дамып келеді. Командаларға сәттілік, жарақатсыз ойын тілеймін! Баршаңызға жарқын әсер мен жақсы ойын болсын!
Баспасөз мәслихаты аясында жеребе тарту рәсімі өтіп, командалар қарсыластарын анықтады. А тобында финалдық кезеңге жолдама үшін Барыс, Праганың «Викингтері» және Санкт-Петербургтің «Армия СКА» командалары бақ сынайды. В тобында Минскінің «Динамосы», Бейжіңнің «Хокай» клубы және Омбының Авангард өзара кездеседі.
Топта үшінші орын алған командалар бесінші орын үшін ойнайды. Қалған қатысушылар жартылай финалда, сондай-ақ қола және алтын жүлде үшін өтетін матчтарда бақ сынайды.
UTLC Ice Cup 2026 турнирінің ойын кестесі алдағы уақытта ресми ресурстарда жарияланады.
Достарыңызбен бөлісіңіз
Войдите в профиль
Чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь
Достарыңызбен бөлісіңіз
Сілтемені көшіріп алыңыз немесе әлеуметтік желілерде бөлісіңіз.