ҚХЛ. Барыс – Автомобилист. Бапкерлер пікірі (видео)
02 Желтоқсан 2022

ҚХЛ. Барыс – Автомобилист. Бапкерлер пікірі (видео)

«Барыс» - «Автомобилист» (0:2) матчынан кейін командалардың бас бапкерлерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Николай Заварухин,  «Автомобилист» ХК бас бапкері

- Команданы қиын ойынға дайындадық. «Барыстың» соңғы ойындарды, атап айтса, Екатеринбургте де, Челябинскте де бірінші кезеңді қарқынды бастады. Жігіттер сөзімізге құлақ асып, алғашқы жиырма минуттықта тәртіпті ойнады. Мұз айдынның әр бұрышы тартысқа толы болып, ойын бірінші соғылған голға дейін жалғасты. Екінші кезеңдегі қарымта шабуылды жүзеге асыра алғанымыз үшін қуаныштымын. Ал ойынның қорытынды бөлігінде матч есебін сақтап қалу үшін барымызды салдық. Команда қойылған талапты орындап шықты, оларға алғысымды айтамын. Шын еңбекпен келген жеңіс. Күрес те, тосқауыл қойылған соққылар да көп болды.

- Үш күн бұрын Екатеринбургте өткен матч мүлдем басқаша жүрді, соғылған гол да, мүмкіндік те көп болды. Бүгін не өзгерді?

- Бір ойын екінші ойынға ұқсамайды. Өткен ойында жеңіліп жатқанымыз түсінікті болды. Ойынды нашар бастадық. Мұз алаңының үлкен болуы мен Екатеринбургтегі мұздың сапасы әсер еткен болуы керек. Өйткені, бүгінгі мұзбен салыстырғанда, ол әлдеқайда жақсы болды.

- «Автомобилист» қарсыласқа артық құрамды жүзеге асыруға бірнеше рет мүмкіндік берді.

- Иә, бүгін кем құрамда көп ойнадық. Бірақ қорғанысымыз сыр бермей, гол жіберген жоқпыз. Кей сәттерде қақпашы шешуші рөл ойнады.

Андрей Скабелка,  «Барыс» ХК бас бапкері

- Мұндай ойында бірінші болып гол соғу керек еді. Көп жұмыс істедік. Жігіттерге тағар мінім жоқ. Осындай ойындарда сан басымдығын жүзеге асыру қажет. Жеңістер мен жеңілістер арасындағы айырмашылық осы. Артық құрамда гол соғу-соқпауың нәтижеге әсер етеді. Әсіресе, есеп осындай болған кездерде. Бірінші кезеңде жақсы ойнадық. 0:2 есебіне дейін төрт сан басымдығы болды. Біз оларды жүзеге асырған жоқпыз. Бірақ өте жақсы мүмкіндіктер, тіпті бір Аңсардың өзінде бірнеше сәт болды. Никита оған жақсы соққы жасау үшін жағдай жасап берді, алайда шайба соға алмадық. Қарсылас қақпашысы керемет ойнады. Өкінішке қарай, бүгінгі матчта жеңіске қол жеткізе алмадық.

- Ертең Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатының бірінші дивизионында өнер көрсету үшін Норвегияға кетеді. Дінмұхамед Қайыржан ұлттық құрама сапына қосыла ма?

- Әрине, барады. Бұл – ел абыройы. Димаштың әлем біріншілігіне дайын екеніне сенімдімін. Өзінің көшбасшылық қасиеттерін көрсетіп, құраманы алға жетелейді деп үміттенемін. Ол ҚХЛ-да жақсы тәжірибе жинады. Бұл оның сенімді көшбасшыға айналуына көмектеседі деп ойлаймын.

- Осымен үшінші матч қатарынан құрамнан Джереми Бракконы көрген жоқпыз. Бұған не себеп?

- Ол сырт айдындағы ойындарға қатыспады. Оның ойынына көңіліміз толған жоқ. Біз әр ойыншыдан тұрақты әрі нәтижелі ойын күтеміз, әсіресе легионерлерден. Ол үшін жаңа лига деп айттым, бірақ ол тек Бракко үшін жаңа емес. Командада 7 адам ҚХЛ-дағы алғашқы маусымын өткізіп жатыр. Біздің жігіттер де, легионерлер де. Бәрі бірдей лигаға тез бой үйрете алмайды. Джеремидің жақсы қасиеттері көп, тек олардың басын біріктіру керек. Бұны жасау қолымыздан келетініне сенімдімін. Сол кезде ол команданың мықты көшбасшысына айналады.

- Майкл Шапю осымен маусымда үшінші рет жарақат алды. Отбасылық жағдайларына байланысты Канадаға кетті. Денсаулығын қалпына келтіру үшін жібердіңіз бе, әлде басқа да себептер бар ма?

- Майкл біздің командада өнер көрсеткісі келеді. Біз де осоня қалаймыз. Себебі ол физикалық тұрғыдан және өзге де көрсеткіштер бойынша мықты ойыншы. Оның ота жасатпай-ақ маусымды жалғастыруға мүмкіндігі бар не жоқ екенін анықтау үшін өз дәрігерлерімен кеңесуге мүмкіндік бердік. Егер олай болатын болса, Майклды командада күтеміз. Әзірге жағдай осылай.

 

«Барыс» ХК бас серіктесі - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ

«Барыс» ХК серіктесі - «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ

 

 

Достарыңызбен бөлісіңіз

Тағы көру

new-preview
10 фото
Барыс

Барыс - Кулагер

new-preview
Барыс

Барыс жастар командасы Құлагерді ойсырата жеңді

new-preview
10 фото
Барыс

Барыс - Кулагер