«Барыс» қорғаушысы Әділ Бекетаев өткен маусымның ең қызықты сәттерін еске түсіріп, отадан кейінгі оңалту процесі қалай өтіп жатқанын айтты.
- Әділ, өткен маусым сен үшін табысты болды. Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы толыққанды маусымың болғанына қарамастан, командадан өз орның ойып алып қоймай, тамаша нәтиже көрсете де білдің.
- Иә, жеке нәтиже тұрғысынан қарағанда, жақсы маусым болды. Бапкер сенім артып, бірінші бестікте өнер көрсетуіме мүмкіндік берді. Тек өз жұмысымды сауатты әрі сапалы істеуім қажет еді. Алайда командалық нәтиже мұның барлығына оң көзқараспен қарауға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, командада қазақстандық ойыншылардың көптеп өнер көрсете бастауын маусымның ең позитивті сәттерінің бірі деп айтуға болады. Олардың көбі алға тағы бір қадам жасап, «Барыс» құрамына қосылуға дайын. Ал маған осы деңгейден түспей, дамуды әрі қарай жалғастыру қажет.
- Есіңде ерекше сақталған матч бар ма?
- Әрине, Минскте өткен маусымдағы бірінші ойын есімде қалды. «Динамоға» есе жіберіп жаттық, алайда меінң Құрлықтық хоккей лигасындағы дебюттік шайбамнан кейін есепті теңестіріп, алға шықтық. Команда ең жақсы ойынын көрсете алмағанымен, жақсы эмоция алдым. Мәскеуде ЦСКА-мен болған ойынды атап өтуге болады. Есепті теңестіре алдық, көп гол соғылды, овертаймда жеңіске жеттік. Сол шақта плей-оффқа шығуға әлі де мүмкіндігіміз бар еді. Міне, есімде ерекше сақталған маусымдағы екі ойын.
- Ригадағы әлем чемпионаты. Бұл турнир не айта аласың?
- Бұл мен үшін элиталық дивизиондағы екінші әлем чемпионатым болды. Маусым соңында алған жарақатыма қарамастан, ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге бел байладым. Биыл көшбасшы ойыншылардың бірі ретінде болып, ойынды өз қолыма алатынымды білдім. Сондықтан өзімнің ең жақсы формамда болмасам да, әлем чемпионатына қатысуға деген ынтам зор болды. Бұл – үлкен абырой. Атмосфера керемет болды, Норвегия мен Словакияға қарсы тарихи жеңістерге қол жеткіздік. Көп йоыншының ҚХЛ-да өнер көрсету тәжірибесі бар болғаны біраз көмектесті. Оған қоса, «Номад» ойыншыларының чемпиондық рухтары сезіліп тұрды. Әрине, Канада қақпасына соққан шайбам есте қалды. Бұл сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
- Байқап көрші.
- Бұған дейін Сэм (Самат Данияр – авт.) екеумізде осыған ұқсас сәт болған. Шабуылшылардың алдында болып, соған ұқсас шабуыл ұйымдастырғанбыз, бірақ қарсылас жақсы ойнады. Екінші рет ол тағы да бортқа маған пас берді, канадалықтар абдырап қалды. Мен де әдеттегіден басқаша ойнап, қақпаның өткір бұрышынан соққы жасадым. Ешкім мұндай күтпесе керек, сәттілік серігім болды. Ішімде сан түрлі эмоция болғанымен, Канада қақпасына бірінші рет гол соғып жатпағандай сыртқа көрсетпеуге тырыстым (күлді).
- Әлем чемпионатынан кейін ота жасаттың. Оңалту процесі қалай өтіп жатыр?
- Ота сәтті өтті, наркоздан жақсы шықтым. Алты апта бойы таңғышпен жүрдім, қолға күш салуға болмайды, тіпті сонымен ұйықтадым. Кішкене ыңғайсыз болды, оған қоса күн де тым ыстық болды. Қазір қолымды қимылдатып, динамика қоса бастадым. Әлі де кұш салуға болмайды, сондықтан медициналық және бапкерлер штабы құрған жоспар бойынша жаттығып жүрмін.
- Маусым арасындағы үзілісте демалып, ойыңды хоккейден бөле алдың ба?
- Демалысым толыққанды өтті деп айта алмйамын. Қозғалысым шектеулі болды. Ал мен белсенді демалысты, яғни экскурсияға барып, жаңа дүниелерді көргенді ұнатамын. Биыл көп уақытым жатумен өтті. Барынша демалуға тырыстым, өйткені уақыт аз екенін түсіндім әрі жаңа маусымға, әсіресе отадан кейін жаңа күшпен, былайша айтқанда, жаңарып келу керек.
- Оқу-жаттығу жиындарының алғашқы күнінде әріптестестеріңмен салыстырғанда, сенің нәтижең жақсырақ болды. Бұл энергияның көп жиналғандығының белгісі ме?
- Жігіттер тапсырма бойынша жүгірді, белгілі бір тамыр соғысында жүгіру қажет болды. Ал мен өзімнің максимумды тексеріп көрейін дедім. Ауа-райы да құлаққаппен музыка тыңдап жүгіруге мүмкіндік берді, таза ауада, бәрі жанға жайлы жағдайда өтті. Сөйтіп, бәрінен жылдам жүгірдім,бірақ бұл менің олардын мықты екенімді көрсетпейді. Менің тамырымның соғысы жоғары болды (күлді), бірақ таңғышты шешкеннен кейінгі барлық эмоциямды сыртқа шығара алдым деп айтуға болады.
- Әрине, болжам жасау қиын, десе де жалпы топқа қашан оралуың мүмкін?
- Қазір бір нәрсе деп кесіп айту қиын. Көп бұлшықет жоғалттым, соны қалпына келтіру үшін жұмыс істеу керек. Тамыз айының соңында мұзға шығуға тырысамын, бірақ бұл кезде коньки тебумен көбірек жұмыс істейміз. Күш қолданып, үлкен қарқынмен дайындық жасауға әзір ерте. Өкінішке қарай, шамамен қазан айында ғана толық ойнай аламын.
- Жаздың ең жағымды жаңалықтарының бірі – Роман Старченконың қайта оралуы. Команда үшін бұл жаңалықты қалай бағалайсың?
- Команда үшін өте үлкен плюс. Роман – «Барыс» пен Қазақстан ұлттық құрамасының аңыз ойыншысы. Ол киім – ауыстыру бөлмесінде, қосалқы ойыншылар орнында, мұзда айқын көшбасшы. Оның жас ойыншыларға берері мол. Оған қоса, оның үздік нәтиже көрсетуге әлі де әл-ауқаты жетеді.
- Қзаір Старченко «Барыс» тарихындағы үздік сұрмергендер мен снайперлер тізімінде екінші орында тұр. Команда Романға осы тізімді көш бастауға көмектесе ме?
- Қазір Роман мұндай бәсекеде екенін білген жоқпын. Әрине, оның гол соғуына көмектесеміз. Бірақ, Кузнецовтың қарсылас қақпасы бос болған кезде, Овечкинге пас бергеніндей емес (күлді). Бірақ, барымызды саламыз. Егер бірінші орынға шықса, керемет болады. Әрі бұл нәтижеге жақын жылдары қол жеткізу мүмкін болады деп ойламаймын.
- Эдди Паскуале де «Барысқа» қайта оралды. Оның командаға берер пайдасы қандай?
- Тәжірибелі, сенімді әрі сабырлық қақпашы болса, бестік мұз айдында өзін сенімдірек сезінеді. Әрі қақпашының ойыны жүріп тұрса, қателесуден де қорықпайсың. Эддиді сенімділік үшін қайта алды деп ойлаймын. Менің білуімше, ол ойын таяғымен жақсы ойнайды. Заманауи хоккейде әрі ережелерге енгізілген өзгерістерге байланысты бұл қабілет аса маңызды. Қақпашы бірінші пасты жасап, шабуылды бастап бере алса, бұл командаға көп көмегін тигізеді. Эдди Никита Бояркинмен және Андрей Шутовпен өзінің тәжірибесімен бөліседі, ал бұл олардың Қазақстан ұлттық құрамасындағы ойындарына ықпал етеді. Клубтың да қақпашылар құрамы мықты болады.
- Жаңа ережелерді атап өттің, оның ішінде қақпа артындағы үш секунд та бар. Қорғаушы ретінде бұл өзгерістің маңызы қандай?
- Негізінде, былтыр осы ережені Жастар хоккей лигасына енгізгенде, қатты таңғалдым. Енді оны ҚХЛ-ға да енгізді. Бұл ойынға кәдімгідей әсер етеді деп ойлаймын. Қорғаушыларға әсіресе ауысым кезінде өз аймағынан шығу қиындай түспек. Өйткені, қақпаның артында ұзақ тұра алмайсың. Ойын жылдамырақ бола түсіп, тез шешім қабылдап, шабуылды бастап керек болады. Салдарында қателер көбейіп, сәйкесінше голдар саны артады.
- Айқыш плей-офф жанкүйерлердің қызығушылығын арттырады. Бұған сенің көзқарасың қандай?
- Көрермен үшін жаңа теке-тірестерді көру қызық болады. Мен үшін финалда Шығыс пен Батыс командалары кездессе, қызығырақ. Олар қай конференция мықты екенін анықтайды. Жаңа схема бойынша Кубок үшін бір конференцияның екі командасы таласа алады.
- Келер маусымда «Барыстан» не күтеміз?
- Өткен маусымдағы нәтижені қайталауға болмайтынын бәрі түсінеді. Жақсы команда жиналып жатыр. Жақсы легионерлер мен бірте-бірте жаңа деңгейге шығып жатқан жергілікті ойыншылардың басы қосылған ұжым құрылуда. Әр ойыншы өзін дәлелдеуі керек. Өз жанкүйерлеріміз бен отбасылармыздың алдында жақсы ойын көрсетуіміз қажет. Бәріне жеңіс керек, сондықтан алдағы маусымда жақсы нәтиже көрсету үшін бар күшімізді саламыз.
Достарыңызбен бөлісіңіз
Войдите в профиль
Чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь
Достарыңызбен бөлісіңіз
Сілтемені көшіріп алыңыз немесе әлеуметтік желілерде бөлісіңіз.