«Барыс» хоккей клубы БАҚ үшін бірінші команданың ашық жаттығуын өткізді. Bestnews, Шайба және Azattyq Rýhy ақпараттық порталдары журналистерінің «Барыс» құрамы, маусымға қойылған тапсырмалар, легионерлердің Қазақстанның спорттық азаматтығын алу ниеті, сондай-ақ Роман Старченкомен қоштасу туралы сұрақтарына клуб президенті Борис Иванищев және бас жаттықтырушы Андрей Скабелка жауап берді.

Борис Иванищев Роман Старченконың кетуі туралы
- Ромаға келісімшарт ұсынып едік, агентпен де келістік. Айталық, ол мұз айдынының сыртында тұрып, ертең-ақ мұзға шығуы керек еді делік. Бірақ мәскеулік «Спартактан» ұсыныс келіп түсті, ол отбасымен кеңесіп, көшуге шешім қабылдады. Біз тату-тәтті қоштастық және кез-келген уақытта оны қайтаруға дайынбыз. Сондай-ақ, ол Қазақстан құрамасының сапында ойнауға әрқашан дайын екенін айтты.
Легионер-қақпашы туралы
- Иә, біз шетелдік ойыншыны іздеудеміз. Қақпашылардың бәсекелестігі үшін мұны істеу керек. Әр клубта бәсекелестік бар, сонда ғана жігіттерде шеберлік деңгейлері артады. Маусым өте ұзақ болмақ, алда бізді 68 ойын күтіп тұр. Құдай жарақаттан сақтасын, бізге толыққанды бригада керек. Қазір біздің құрамда қазақстандық тәрбиеленушілер. Никита Бояркин жарақатынан айығуда, Андрей Шутов жаттығуда, біздің жүйеміздің жастары Желал-ад-Дин Әмірбеков, Максим Павленко және Роман Калмыков жуырда бізге қосылмақ.
Ресейлік ойыншылардың көптігі туралы
- Іс жүзінде бізде тек екі ресейлік ойыншы бар: шабуылшы Кирилл Максимов және қорғаушы Михаил Григорьев. Қалғандары байқау келісімшарттарына келді. ВХЛ-дан Тимур Фаткуллин келді, Владислав Семин - «Братина Кубогының» иегері, олар сынақ келісімшарттарында. Ендігісін ойындар көрсетеді, егер олар бізге сәйкес келмесе, біз олармен қоштасатын боламыз. Бізге бәсекелестік үшін бұл қажет. Бізде 31 тамызға дейін сынақ келісімшарттары бар. Біз ойыншыларды іс жүзінде тексереміз.
Болашағы зор жастар туралы
- Бізде дарынды жастар бар, бірақ олар ҚХЛ деңгейіне сәйкес болуы тиіс. Олар бірден көп болмайды. Қайыржан, Шайхмедденов, Александров қазір бірінші командада, Әмірбеков, Гусейнов, Шетле, Гайтамиров және басқаларды тартудамыз. Бірақ бәрін бірден емес. Біз барлығына мүмкіндік беріп, «Барыс» жүйесінде қалдырамыз. Жастар лагерін өткіздік, онда 2004 жылы туған және одан үлкен 34 ойыншы болды. «Номадқа», «Қар барыстарына» және бірінші командаға мүмкіндігінше тартатын боламыз. Клуб жүйесі жұмыс істеуде, осы командалардан басқа бізде екі команда Жастар лигасында өнер көрсетеді, БЖСМ-де 700-ден астам бала жаттығуда.

Қазақстан спортындағы легионерлер туралы
- Мен легионерлер қажет деп санаймын. КХЛ-дағы кез-келген клубты алсаңыз - барлық жерде легионерлер бар. Бас жаттықтырушының алдында тапсырмалар бар, белгілі деңгей болу керек. Жақсы легионерлер келгенде, біздің жігіттер оларға қарап тырысады және ойындарында алға басады. Құрамда ешкім орынды жай бермейді. «Номадқа» да бәсекелестік болу үшін, кейде ресейліктерді шақырамыз, бірақ онда да бірнеше ғана ресейлік бар. Ал «Қар барыстарында» болса бес жыл бойы барлық ойыншылар - жергілікті жігіттер. Біреулер «Барыстағы» қазақстандық ойыншылардың саны азайып бара жатқанын айтады. Бізде керісінше, жергілікті ойыншылардың саны артуда. Қазір 12 қазақстандықта бірінші командамен келісімшарт бар, тағы үш ойыншы байқауда жүр. Даму жөніндегі жаттықтырушының көзіне іліккен бірнеше жас жігіт қазірдің өзінде бірінші команданың құрамына тартылып жүр.
Жаңа маусымдағы «Барыстың» мақсаттары туралы
- Қазіргі уақытта команда жасақталуда. Сондықтан сәл күте тұрайық. Турнирлердің бәрі өтсін, біз жиналып, талқылайтын боламыз. Әрине, біз деңгейді сақтап тұруға тырысамыз, кем дегенде плей-оффқа шығу керек.
Жанкүйерлердің петициясы туралы
- Мен петицияны оқыдым. Бұл жанкүйерлердің субъективті пікірі. Бізде агенттермен ешқандай уағдаластықтар жоқ, пара беру деген жоқ. Ойыншы өз мәселелерін агентпен өзі шешеді, біз болсақ онымен келісімшартқа қол қоямыз. Бізде бәрі ашық, жалақыларды карточкаға аударамыз, жыл сайын тексерулер өтіп тұрады. Ешқандай пара беру мен агенттік сыйақылар болған емес. Барлық агенттер ҚХЛ-да тіркелген. Лицензиясыз олардың ойыншылармен жұмыс істеуге құқығы жоқ.
Андрей Скабелка «Барысқа» оралуы туралы
- Алдымен, мен сияқты бұл тағайындауды құлшыныспен қабылдағандарға, күмәншілдікпен қарағандарға да алғыс айтқым келеді. Бес саусақ бірдей емес, және әркімнің пікірі әртүрлі. Мен қайтып «Барысты» жаттықтыру туралы ұсынысты үлкен қуанышпен қабылдағанымды айта аламын. Үйге оралғандаймын. Бәрі таныс әрі туған.
Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалу мүмкіндігі туралы
- Біз әзірге бұны талқылаудамыз. Қазақстан құрамасының алғашқы ресми ойындарына дейін әлі талай уақыт бар, сондықтан тек алдын ала талқылау болды. Жағдай өзгерді деп айта аламын. Қазіргі құрама тек «Барыс» ойыншыларынан тұрмайды. 10-нан астам ойыншы Қазақстаннан тыс жерлерде ойнайды.
Қақпашылар Андрей Шутов пен Никита Бояркин туралы
- Қазір жаттығу процесі жүріп жатыр. Егер біз жігіттердің өздері істеп жатқан жұмысқа деген көзқарасы туралы айтатын болсақ, онда, әрине, сұрақ жоқ. Олардың өз араларында жақсы бәсекелестік бар, екеуі де физикалық тұрғыдан мықты. Барлығы өздеріне байланысты болады. Өткен әлем чемпионатында Андрей Шутов барлық матчтарды өткізді. Командаға ойынның соңына дейін ойында қалуға мүмкіндік берді, айтарлықтай жақсы ойнады. Өткен жылғы чемпионатта Никита Бояркин ойнаған кез туралы мен сізге ештеңе айта алмаспын. Себебі толық көлемде қарамадым. Бірақ мен Бояркинді білемін және Никита жақсы қақпашы екенін білемін.
Жаттықтырушылар штабындағы Полищук пен Сағымбаевтың міндеттері туралы
- Біз бұл кандидатураларды басшылықпен талқыладық. Федор Полищук шабуылдаушылармен жұмысқа кірісті. Бізде дарынды жергілікті жігіттер көп: Димаш Қайыржан, Диас Гусейнов, Аңсар Шайхмедденов. Ойындарын дамытып, шындау қажет жігіттер көп. Ол шабуылға жауап береді және кей жерде біз құрамдағы көпшілікте ойнау үшін бірге жауап беретін боламыз. Ерлан Сағымбаевқа келетін болсақ, оның ресми лауазымы - дамыту жөніндегі жаттықтырушы. Ол бізге ойыншыларды қарауға, Қазақстан чемпионатын толығымен бақылауға көмектесетін және өздерін жақсы жағынан танытқан ойыншылар туралы ақпарат беретін жаттықтырушы.
Ішкі чемпионаттан ойыншыларды тарту туралы
- Біріншіден, мұның бәрі олардың өзіне байланысты болады. Бірақ шебер қазақстандық ойыншылар аз емес екенін айта аламын. Жас ойыншылардың болашағы зор. Және келер жылдарда емес, біз оларды осы маусымда көретін боламыз. Қазір жаттығатын ойыншылар бұл резерв емес, бұл келер маусымда ойнайтын біздің команда. Үйрету мүмкін емес, үйренуге ғана болады деген жақсы сөз бар. Ойыншылардың қанаты қатайған, олар даяр. Қалғанының бәрі олардың өздеріне байланысты. Бұл хоккей, мұнда нағыз ерлердің бәсекелестігі. Шыдаса, ойнатын болады.
«Барыс» ХК бас серіктесі - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ
«Барыс» ХК серіктесі - «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ
Достарыңызбен бөлісіңіз
Войдите в профиль
Чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь
Достарыңызбен бөлісіңіз
Сілтемені көшіріп алыңыз немесе әлеуметтік желілерде бөлісіңіз.