2025/26 жылдардағы ҚХЛ тұрақты чемпионатында «Барыстың» ойын қорытындысын шығарамыз. Бұл айдар клуб серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының» қатысуымен дайындалды.
Тұрақты чемпионат қорытындысы бойынша «Барыс» 54 ұпай жинап, ҚХЛ Шығыс конференциясында 10-орынға (лиганың жалпы кестесінде 18-орын) тұрақтады. Бұл соңғы үш жылдағы ең үздік нәтиже.
Астаналықтар 21 жеңіске жетіп, тағы 12 матчта негізгі уақыттан тыс жеңіліп, ұпай еншіледі. Сондай-ақ 10 ойында негізгі уақытта бар болғаны бір шайба айырмасымен жеңілгенін атап өткен жөн.
Чемпионаттағы ең ірі жеңіс 7 наурыз күні тіркелді. Сол күні қазақстандықтар Шанхайда өткен сырт алаңдағы матчта «Shanghai Dragons» командасын 8:4 есебімен жеңді. Бұл ойында маусымдағы жалғыз хет-трик тіркелді – Майкл Веккьоне үш шайба соқты.
Ал бұған дейін 2 наурызда Санкт-Петербургте Михаил Кравец ойыншылары СКА-дан 0:7 есебімен ұтылып, маусымдағы ең ірі жеңілісіне ұшырады.
«Барыс» ойыншылары 68 матчта 154 шайба соқты. Орташа нәтиже өткен маусымдағы 1,46-дан 2,26 голға дейін өсті. Ал өз қақпаларына 208 шайба жіберді (орта есеппен 3,06).
Азшылықта ойнау көрсеткіші бойынша қазақстандық клуб лигада 2-орын алды (қарсыластың басымдығын 85,1% жағдайда тоқтатты). Бұл көрсеткіште олар тек тұрақты чемпионат жеңімпазы «Металлургтен» (85,3%) ғана қалып қойды. Ал артықшылық құрамда (13%) «Барыс» соңғы орындардың бірін иеленді.
Команданың ең нәтижелі ойыншылары – Майкл Веккьоне (19 гол + 27 пас) және Райли Уолш (16+30). Веккьоне 6 жеңіс шайбасымен маусым көшбасшыларының қатарына енді және 7 рет басымдықта гол соғып, командада үздік атанды. Ал Уолш қорғаушылар арасындағы үздік бомбардирлердің топ-5 қатарына кіріп, ойын уақыты (орта есеппен 22:25) мен қақпаға бағытталған соққылар саны (207) бойынша көш бастады.
Жеті қазақстандық хоккейші ҚХЛ-дегі ең нәтижелі маусымын өткізді. Атап айтқанда, Дінмұхамед Қайыржан, Семён Симонов, Всеволод Логвин, Әлихан Өмірбеков, Ансар Шайхмедденов, Самат Данияр және Дмитрий Бреус жеке рекордтарын жаңартты. Ал Әлихан Әсетов өз көрсеткішін қайталады.
Данияр мен Өмірбековті, сондай-ақ Уолшты «темірдей ойыншылар» деп атауға болады. Олар тұрақты чемпионаттағы барлық 68 матчқа қатысты. Самат маусымда пайдалы әрекет көрсеткіші бойынша оң нәтижемен (+2) аяқтаса, Әлихан шайбаны лақтыру бойынша ойынын айтарлықтай жақсартты (41,8%).
Қызығы, шайбаны лақтыру бойынша команданың көшбасшысы Майкл Веккьоне болды – 284 әрекеттің 184-інде жеңіске жетті (64,8%). Ал классикалық орталық шабуылшылар ішінде үздік нәтиже Ансар Шайхмедденовке тиесілі (381 жеңіс, 53,3%).
Джейк Масси - маусымдағы ең «пайдалы» ойыншы (+5). Сонымен қатар ол 123 рет қарсыластың соққысын бөгеп, бұл көрсеткіш бойынша да көш бастады.
Иэн Маккошен күштік әдістер бойынша айқын көшбасшы болды. Оның еншісінде 106 күштік әдіс бар.
«Барыс» клубының үш қақпашысының да негізгі статистикалық көрсеткіштері шамалас болды. Сәл жақсырақ нәтиже көрсеткен Адам Шил. Ол 2,81 сенімділік коэффициентімен және 90,8% сейв көрсеткішімен 10 матчта жеңіске жетті. Никита Бояркин мен Андрей Шутов 5 жеңістен тіркеді. Никита бір ойынға орта есеппен 2,7 шайба жіберіп, 90% соққыны қайтарды. Ал Андрей 2,92 орташа жіберілген шайба көрсеткішімен 90,7% сейв жасады.
Маусым барысында «Барыс» матчтарының орташа келушілер саны 7 447 көрерменді құрады. Бұл клуб тарихындағы және жалпы Қазақстан хоккейіндегі рекордтық көрсеткіш. Өткен маусыммен салыстырғанда көрермен санының өсімі бойынша (+2 561 көрермен) «Барыс» ҚХЛ клубтары арасында үздік үштікке енді.
Достарыңызбен бөлісіңіз
Войдите в профиль
Чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь
Достарыңызбен бөлісіңіз
Сілтемені көшіріп алыңыз немесе әлеуметтік желілерде бөлісіңіз.