«Барыс» қыркүйектегі екінші өз алаңындағы сериясын «Ак Барспен» кездесуден бастайды.
Қазандықтар өткен турда өз жанкүйерлері алдында «Авангардтан» үлкен есеппен ұтылды (1:6). Омбылықтардың қақпасына жалғыз шайбаны «Ак Барстың» жаңа ойыншысы Владимир Алистров салды, ол ойынның 30-шы секундына жетпей көзге түсті. Матч барысында жаттықтырушылар штабы өтінімге енген екі қақпашыны да алаңға шығарды. Нәтижесінде Михаил Бердин мен Тимур Билялов қақпаға бағытталған 35 соққыны қайтарды. Анвар Гатиятулиннің айтуынша, команда жеткілікті мүмкіндік жасайды, алайда олардың жүзеге асырылуы ақсап тұр.
7 матчтың қорытындысы бойынша «Ак Барстың» еншісінде 5 ұпай бар. Команданың үздік бомбардирі – шабуылшы Кирилл Семёнов (3+3). Жарақат алғандар қатарында қорғаушы Альберт Яруллин бар. Астанаға сапар алдында қазандық клуб үлкен трансфер жүзеге асырды: «Салават Юлаевтан» Александр Хмелевскийді ауыстырып алды. Кері бағытта қорғаушы Уайатт Калинюк кетті, сондай-ақ уфалық клуб қаржылай өтемақы алды.
«Барыс» алдағы турға үш бірдей жеңілістен кейін келіп отыр. Дүйсенбі күні қазақстандық ұжым Беларусь астанасында өткен ойында «Динамодан» овертаймда ұтылды (0:1). «Барыстар» маусымда алғаш рет мұз айдынын шайбасыз тастап шықты, бірақ голкипер Андрей Шутовтың 42 сейвінің арқасында бір ұпай олжалады. Михаил Кравецтің айтуынша, команда матчты қысқартылған құрамда аяқтағанын ескерсек, бұл нәтиже жаман емес.
Қазіргі таңда «Барыстың» қоржынында 7 ойында жиналған 7 ұпай бар. Ең нәтижелі ойыншы Майкл Веккьоне (3+5). Астаналықтардың жарақат алғандар қатарына Алихан Асетов қосылды. Алдағы ойынды сырқатына байланысты команданың капитаны Кирилл Савицкий өткізіп алады. Сондай-ақ Эмиль Галимов дисквалификацияға байланысты алаңға шықпайды.
«Барыс» – «Ак Барс» матчы астана уақытымен 19:30-да басталады.
Билеттерді «Барыс Арена» кассаларынан және hcbarys.kz/tickets сайтынан алуға болады.
Ойынның тікелей трансляциясы KHL, KHL Prime және Qazsport телеарналарында көрсетіледі.
«Барыс» ХК бас серіктесі – «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ
«Барыс» ХК серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ

Достарыңызбен бөлісіңіз
Войдите в профиль
Чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь
Достарыңызбен бөлісіңіз
Сілтемені көшіріп алыңыз немесе әлеуметтік желілерде бөлісіңіз.