«Барыс» - «Нефтехимик» матчынан кейін (1:2 ОТ) командалардың бас бапкерлерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Олег Леонтьев, «Нефтехимик» ХК бас бапкері
- Бүгін алғашқы матчымызды өткіздік, чемпионаттың басы. Оның үстіне сырт айдында биылғы маусымаралық үзілісте қатарына жақсы ойыншыларды қосқан «Барысқа» қарсы ойнадық әрі жанкүйерлердің қолдауы да жақсы сезілді. Әрқашан Астанада ойнау қиын. Матч теке-тіреске толы болды. Кем құрамда жақсы ойын өрнегін көрсете алдық. Үш рет кем құраммен ойнадық. 20-дан астам соққыға тосқауыл болдық, мінез көрсеттік. Жеңіске деген жігеріміз жоғары болды, таразы басын теңестіріп, соңына дейін күрестік. Овертаймда Ди жақсы шайба соқты. Тағы да қайталап айтайын, биыл «Барыстың» құрамы өте мықты, оңай шағылар жаңғақ болмасы анық. Десе де, біздің жігіттер жарады. Жеңіс құтты болсын!
- Ойыншыларыңыз көп тәртіп бұзды, қандай пікір білдіресіз?
- Хоккейшіміз «Барыс» ойыншысына қарсы тәртіп бұзып, екінші рет айып уақытын алғандағы жағдай түсініксіздеу болды. 50-де 50. Төрешілер айып уақытын беруге шешім қабылдады. Одан кейінгі жағдайда шайбаны алаң сыртына лақтырып жібердік. Мұндай жайттар болып тұрады. Жалпы, ережеге сай, тәртіпке бағынып ойнадық.
- Бүгінгі жеңіс төзім мен сабырдың арқасында келді дей аламыз ба?
- Ойынды жақсы бастадық, шайба соғатын мүмкіндіктеріміз болды. Артынша «Барыс» ойын тізгінін өз қолына алды. Иә, шыдап, өз мүмкіндігімізді күттік. Қарсыласымыз жақсы шабуылдар ұйымдастыра білді, шайба соғатын сәттері де айтарлықтай көп болды. Сондықтан матч жанкүйерлерге ұнады деген ойдамын. Ал овертаймда жақсы гол соқтық.
- Өткен жылмен салыстырғанда, «Барыстың» ойыны қаншалықты өзгерген? Былтыр «Барыс» өзара кездесулерде үш рет жеңіске жетті, тіпті бір мәрте 8:0 есебі тіркелген.
- Өз қақпаңа сегіз шайба жіберген матчты ешқашан ұмыта алмайсың. «Барыстың» құрамы қатты өзгеріске ұшырады, тағы да қайталаймын. Өте жоғары деңгейдегі легионерлер келді. Бүгін «Барыс» бізге өте көп қиындық туғызды. Сол себептен биыл «Барыстың» өте мықты қарсылас болары анық.

Дэвид Немировски, «Барыс» ХК бас бапкері
- Жақсы ойын болды деп ойлаймын. Командаға енді ғана қосылған ойыншыларға қиын болды. Десе де, олар жарады. Жақсы ойын өрнегін көрсетті. Келесі матчта бұдан да жақсырақ ойнайды деген ойдамын. Басымдық біздің жағымызда болды. Алайда қарсылас аймағында көп ойнағанымызға қарамастан, олар бізге көп соққы жасады. Сондықтан келесі матчта қақпаға көбірек соққы жасау мен оның алдындағы ойынға мән беруіміз керек. Өйткені, бүгін аз соққы жасадық.
- Қорғаушылардың екінші жұбында Больё мен Антипин бірге ойнады. Мұндай шешімге келуіңізге екеуінің «Баффалода» бірге ойнағаны себеп болды ма?
- Иә, олар бір-бірін жақсы таниды, бұрын бірге ойнаған. Маусым осылай бастағандары өздеріне жеңіл болады.
- Ал кем құрамдағы ойын кезінде Больёмен бірге Бекетаев шықты.
- Жігіттер кеше ғана ұшып келді, жаттығуға әлі толық қатысқан жоқ. Тек бүгін ғана бәрі бірге мұз айдынына шығып, кімнің кіммен ойнайтынын білді. Бірінші үштіктен басқасының бәрі әлі бірге жаттыққан жоқ. Иә, қиын. Алайда олар жарады, жақсы ойнады.
- Аңсар Шайхмедденов кем құрамда және овертаймда орталық шабуылшы ретінде айдынға шықты. Бұл тәуекелге бел буу ма, әлде тәжірибе мен сенімнен шыққан шешім бе?
- Ол қорғаныста сенімді ойнай алатынын көрсетіп жүр. Маусымалдындағы турнирде кем құрамда жақсы ойнады, сондықтан осы ойын компонентінде бізге көмектеседі деп сенеміз.
- Бестіктерге өзгеріс енгізесіз бе?
- Әрине, жаттығуларда ойыншылардың өзара түсінісуіне қараймыз. Тағы да айтамын, жақсы ойын өткіздік, дегенмен жеңіліс әрдайым көңіл-күйді түсіреді. Алғашқы ойын, жағдайды жақсы түсінеміз. Бірақ, қалай болғанда да жеңіске жетуіміз керек еді.
- Маусымның бірінші матчы. Жанкүйерлердің қолдауы қалай болды?
- Жанкүйерлер жақсы қолдау көрсетті, ойыншылар да мұны сезді деп ойлаймын. Әрине, көбірек шайба соғып, оларды қуанта түсуіміз керек еді. Қауіпті шабуылдарды жиі ұйымдастырып, олардың эмоцияларын шығаруларына мүмкіндік беруіміз керек болатын.
- Өткен маусымның қателіктеріне назар аудардыңыздар ма?
- Басшылықпен үнемі байланыстамыз, қателіктерді талдап отырамыз. Өткен маусым команда үшін қиын болды. Жарақат алған хоккейшілер көп болды, біраз ойыншылар ауысты. Тағы да біраз фактор бар. Қазір әр хоккейшіге мән беріп, ойынымызды жақсарту жағына көп мән беріп жатырмыз.
Достарыңызбен бөлісіңіз
Войдите в профиль
Чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь
Достарыңызбен бөлісіңіз
Сілтемені көшіріп алыңыз немесе әлеуметтік желілерде бөлісіңіз.