Польшаның Сосновец қаласында өткен бірінші дивизионның А тобындағы әлем чемпионатында «Барыс» жүйесіндегі хоккейшілердің ойын қорытындысын ұсынамыз. Еске салайық, Талғат Жайлауов жетекшілік еткен Қазақстан құрамасы бес жеңіске қол жеткізіп, мерзімінен бұрын бірінші орынды иеленіп, элиталық дивизионға жолдама алды.

Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының үздік бомбардирі дебютант Артур Гатиятов атанды. Оның еншісінде бір шайба мен 4 нәтижелі пас бар. Сондай-ақ ол чемпионаттағы барлық ойыншылар арасындағы ең үздік пайдалы әрекет көрсеткішін (+6) тіркеді. Дәл осындай көрсеткіш Дмитрий Бреус пен Эдуард Михайловта да болды. Айта кету керек, Гатиятов барлық нәтижелі ұпайларын Литва және Жапонияға қарсы алғашқы матчтарда жинады.
Ұлттық құраманың өзге дебютанттары да жақсы қырынан көрінді. Семён Симонов (2+1) – Всеволод Логвин (1+3, қақпаға бағытталған 17 соққы) – Кирилл Ляпунов (2+1) үштігі команданың ойыннан соққан шайбаларының шамамен 30 пайызын ұйымдастырды. Ал Ансар Шайхмедденов (1+2) лақтыру бойынша турнирдің үздік үштігіне енді – оның көрсеткіші (60,94%) құрады. Бұл компонент бойынша чемпионат көшбасшысы тағы бір қазақстандық Аркадий Шестаков болды (65,26%).
Самат Данияр мұз айдынында орта есеппен 19 минут 16 секунд өткізді – бұл командадағы екінші нәтиже. Сосновецтегі турнирде одан көп уақытты тек Аркадий Шестаков қана өткізді (20:01).
Андрей Шутов турнирдегі барлық қақпашылар арасында сенімділік коэффициенті бойынша үздік атанды (1,3). Сонымен қатар «Барыс» қақпашысы қайтарылған соққылар пайызы бойынша екінші нәтиже көрсетті (93,33). Ол бұл көрсеткіште польшалық Томаш Фучиктен небәрі 0,13 пайызға қалып қойды.
Бір қызығы, Қазақстан құрамасы өткен әлем чемпионатында ең нәтижелі команда ғана емес (20 шайба), сонымен қатар ең дәл ойнаған ұжым атанды – соққыларды жүзеге асыру көрсеткіші 11,43 пайызды құрады.
Фото – IIHF
Достарыңызбен бөлісіңіз