Тарих

1999/2000

1999 жылы Астана билігі «Барыс» хоккей клубын құру жөнінде жарғы қабылдады. Аталған ұжым он бес жыл ішінде хоккей спортынан  Қазақстанды әлемге танытуда негізгі командаға айналды. Жаңа құрылған клуб Қазақстан чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, алғашқы маусымның қорытындысы бойынша турнирдің күміс жүлдесін жеңіп алды.

2000/2001

Маусым қорытындысы бойынша «Барыс» командасы ел чемпионатында тағы да екінші орынды иеленеді. 2001 жылдың 6 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан» спорт сарайы ашылды. Астанада хоккей спортының қарқынды дамуына аталған нысанның бой көтеруі зор серпін берді.

2001/2002

Үшінінші маусымда «Барыс» шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасының чемпионатында қатарынан үшінші рет турнирдің күміс жүлдегері атанады.

2002/2003

Ел чемпионатында үш жыл бойы екінші орын иеленген хоккейшілердің негізгі тобы команда құрамынан кетеді. Осыдан кейін клуб басшылығының жедел түрде жасақтаған командасы Қазақстан біріншілігінің қорытындасы бойынша жүлделі үштікке іліне алмайды.

2003/2004

«Барыс» клубы Қазақстан жастар құрамасының базалық командасына айналады. Негізгі құрамдағы ойыншылар жас болғандықтан чемпионатқа қатысқан тәжірибелі хоккейшілерге бәсекелес бола алмайды. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орынға жете алмайды.

2004/2005

«Барыс» клубы Қазақстан біріншілігіне қатысудан бөлек, халықаралық деңгейге көтеріліп, Ресейдің Бірінші лигасына қатысады («Орал – Батыс Сібір» аймағы). Жаңартылған құраммен команда жарыстың қола жүлдесін жеңіп алады. Ел чемпионатында елордалық ұжым жеңіс тұғырына бір табан жақын тұрды.

2005/2006

Елордалық команда халықаралық деңгейдегі орнын айқындай түсті. Ресейдің Бірінші лигасында («Орал – Батыс Сібір» аймағы) күміс жүлдеге қол созады. Екі жарысқа қатар қатысып, көп күш жоғалтқан «Барыс» ел біріншілігінде жүлдесіз қалды.

2006/2007

«Барыс» клубы Ресейдің Бірінші лигасында («Орал – Батыс Сібір» аймағы) жеңімпаз атанып, үлкен табысқа қол жеткізеді. Осыдан кейін қазақстандық ұжым бір саты көтеріліп, халықаралық мәртебесі бар Жоғарғы лигаға жолдама алады. Астаналық команда көпке дейін Қазақстан чемпионатында жүлделі орынға үміткер атанып келді. Алайда мәреге жақын қалғанда күш-жігер жетпей жарыс жолынан шығып қалды.  

2007/2008

Маңыз бен мағынаға толы маусым. «Барыс» алғаш рет Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алады.

Бірінші маусымда Ресейдің Бірінші лигасында қазақстандық команда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, Шығыс дивизионында екінші орын иеленеді.

2008/2009

Отандық спортшылардың кәсіби деңгейін көтеріп, Қазақстан хоккейінің дамуына үлкен қадам жасалды. «Барыс» еуразия құрылығында беделді және жоғары санаттағы лига саналатын ҚХЛ қатысушысы атанады.

ҚХЛ алғашқы маусымында «Барыс» жақсы нәтиже көрсетіп, плей-офф кезеңіне шығады. Турнирге қатысқан 24 клубтың арасында үздік 16 команданың қатарына кірді. Бірінші кезеңде Гагарин Кубогын жеңіп алған Қазандық «Ақ Барс» командасына жол береді. «Барыс» капитаны Кевин Даллмэн нәтижелі қорғаушы ретінде әйгілі Вячеслав Фетисовтың қойған рекордын жаңартады. Астаналық команда сапында өнер көрсететін ойыншының бұл нәтижесін әлі ешкім бағындыра алған жоқ.

Ел чемпионатында «Барыс» командасы екі дүркін чемпион атанды.

Елордалық клуб Қазақстан құрамасын жасақтауда негізгі базаға айналады. «Барыс» сапындағы 9 хоккейші әлем чемпионатының бірінші дивизионында командаға көмектеседі. Соның нәтижесінде ұлттық құрама әлем біріншілігінің элиталық дивизионында өнер көрсетуге жолдама ұтып алады.

2009/2010

ҚХЛ чемпионатының екінші маусымында «Барыс» тағы да плей-офф кезеңіне шығады. Турнир қорытындысы бойынша 24 команданың арасында астаналықтар 14-ші орынға жайғасады. Плей-офф кезеңінің алғашқы ойынында «Барысқа» Гагарин Кубогының жеңімпазы Қазандық «Ақ Барс» қайта жолығады. Бұл жолы да елорадалық команда айласын асыра алмайды.

Клуб жүйесінде ел чемпионатына қатысатын фарм-команда құрылады. Алғашында «Барыс-2» командасы болып құрылған ұжымның атауы кейін «Номад» деп өзгертіледі.

2010/2011

Астанада алғаш рет «Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы» жолында халықаралық турнир өткізіледі. Ол доданың бас жүлдесін «Барыс» иеленеді.

Елордалық команданың 80 пайызынан тұратын ұлттық құрама желтоқсан айында «Prime Euro Ice Hockey Challenge» турнирінде Еуропалық командалар арасындағы Кубокты жеңіп алады.

ҚХЛ үшінші маусымында «Барыс» тағы да плей-офф кезеңіне өтеді. Турнир қорытындысы бойынша лигадағы барлық команданың арасында 14-ші орында тұрақтайды.

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған Қысқы Азия ойындарында «Барыс» хоккейшілерінен жасақталған Қазақстан құрамасы қарсылас шақ келтірмей, құрлықтық доданың чемпионы атанады.

«Барыс» командасындағы ойыншылармен жасақталған Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының бірінші дивизионында жеңімпаз атанып, элиталық топқа өтеді.

2011/2012

Клуб жүйсінде жастардан жасақталған «Снежные Барсы» командасы құрылып, олар ЖХЛ және БЖСМ өнер көрсетеді.

«Барыс» клубы «Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы» жолындағы жарыста тағы да бас жүлдені жеңіп алады.

5 мемлекеттен 20 команда қатысқан ҚХЛ чемпионатының турнирлік кестесінде «Барыс» клубы алғаш рет ТОП-10 команданың қатарына ілінеді. Қазақстандық ұжым төртші маусым қатарынан плей-офф кезеңіне шығады. Астаналық команда Гагарин Кубогын сарапқа салу жолында екінші кезеңге өтетін мүмкіндігі болды. Алайда Магнитогорскінің «Металлург» командасымен болған сериялық кездесудің жетіншісінде сәттілік қарсыластарға жолдас болады.

Маусым қорытындасы бойынша «Барыс» ойыншысы Кевин Даллмэн қорғаушылар арасында ҚХЛ үздік бомбардир атанды. Ал құрлықтық хоккей лигасында барлығынан көп шайба соққан шабуылшысы Брэндон Бочеснски чемпионаттың үздік сұрмергені атанды.

2012/2013

ҚХЛ қатысуға ниет білдірген мемлекеттер саны 7-ге, ал командалар саны 26-ға өседі. «Барыс» маусым қорытындысы бойынша турнирлік кестенің 11-ші сатысына жайғасады. Астаналық хоккейшілер бесінші рет қатарынан плей-офф кезеңіне өтеді. Алайда қазақстандық команданың негізгі екі қақпашысының алған жарақаты Челябинскінің «Трактор» клубымен болған сериялық кездесуді жеңіспен аяқтауға мүмкіндік бермейді.

70 пайызы Астаналық клубтың ойыншыларынан жасақталған ұлттық құрама, әлем чемпионатының бірінші дивизионында жеңіске жетіп, әлемнің ТОП-16 командасының қатарына енеді.

2013/2014

«Барыс» клубы қатарынан үшінші рет «Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы» жолындағы халықаралық турнирді жеңіп алады.

Клуб жүйесінде «Томирис» әйелдер командасы құрылады.

«Снежные Барсы» командасы алғаш рет ЖХЛ плей-офф кезеңіне өтеді. Алғашқы кезеңде Астана «жастары» «Югра Мамонтына» жол береді.

Маусым басталған сәттен «Барыс» клубы 6-дан 10-шы матч аралығында ҚХЛ чемпионатында рекордтық нәтижесін жаңартады. Осы аралықта Астаналық ұжым көп шайба соғу жағынан бұған дейінгі маусымдарда ешбір командалар қол жеткізбеген көрсеткішті танытты. Чемпионаттың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша «Барыс» командасы Чернышев дивизионында көш бастап, Шығыс конференциясында екінші орын алады. Алтыншы рет қатарынан плей-офф кезеңіне өтеді. Алғашқы айналымда «Барыс» «Автомобилист» клубын сериялық кездесуде 4:0 есебімен жеңіп, Шығыс конференциясының жартылай финалына шықты. Командадағы негізгі ойыншылардың алған жарақаты келесі «Салават Юлаев» клубымен болған кездесуде өз әсерін берді. Осылайша чемпионат қорытындасы бойынша астаналықтар жарысқа қатысқан 28 команданың арасында 7-ші орында тұрақтайды.

2014/2015

Жазды күні «Барыс» Екатеринбургте халықаралық «Каменный цветок» турнирін жеңіп алады.

«Номад» командасы Қазақстан Кубогының қола жүлдесін иеленеді.

«Снежные Барсы» клубы екінші рет қатарынан ЖХЛ плей-офф кезеңіне шығады. Бірінші айналымдағы тартысты ойында Магнитогорскінің «Стальные Лисы» командасына жол береді.

«Барыс» жетінші рет қатарынан плей-офф кезеңіне өтеді. Астаналық хоккейшілерден бөлек дәл осы нәтиже ҚХЛ чемпионатына қатысатын 28 команданың тек 5-не ғана тиесілі. Бірінші айналымда Омбылық «Авангард» командасымен болған ойын тартысқа толы өтеді. 7 матчқа созылған кездесудің шешуші сәтінде бас төрешінің бірі қателік жібереді. Қарсыластардың ереже бұзған сәті есепке алынбай қалады. Осы әрекеттің салдарынан қазақстандық команданың қақпасына шайба соғылады. Кейін ҚХЛ төрешінің қателігін мойындап, оны бірнеше матчқа қазылық ету құқынан айырады. Алайда «Барыс» «Шығыс» конференциясындағы жартылай финалға дейінгі жеткен орында тұрақтайды. Чемпионат қорытындысы бойынша астаналықтар 28 команданың арасында 11-орында қалады. Найджел Доус, Дастин Бойд және Брэндон Боченски «ҚХЛ үздік шабуылшы үштігі» аталымы бойынша жеңімпаз атанады.

«Барыс» командасының үштен екі бөлігінен жасақталған Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының бірінші дивизионында ешбір қарсыласқа жол бермей, турнирді мерзімінен бұрын жеңіп алады. Соның нәтижесінде элиталық топқа жолдама алады.

2015/2016

Тамыз айында Астанада 12.000 орындық көп функциялды заманауи мұз сарайы ашылды. Спорт нысанында өткен алғашқы ресми жарыста «Барыс» командасы «Қазақстан Республикасы Президенті Кубогын» төртінші рет жеңіп алады.

«Номад» Қазақстан Кубогының жартылай финалына шығады.

ҚХЛ қатысып келе жатқан күннен бері «Барыс» алғаш рет чемпионаттың екінші кезеңіне өте алмады. Елордалық клубқа бір ұпай жетпеді.

«Снежные Барсы» өз тарихында алғаш рет плей-офф кезеңінің бірінші айналымынан өтті. Сериялық кездесуде олар Уфаның «Толпарынан» 3:0 есебімен басым түсті. Харламов Кубогының ¼ финалындағы тартысты ойында Астананың «жастары» ЖХЛ қазіргі чемпионы «Чайкадан» (Нижний Новгород)  сериялық кездесуде 2:3 есебімен жеңіліп қалды.