Екатеринбургте Құрлықтық хоккей лигасының 2026 жылға арналған Жұлдыздар Уикенді аяқталды.
Үшінші орын үшін өткен матчта World Stars командасы Ural Stars ұжымына 6:9 есебімен жол берді. Адам Шил ойында бірінші кезеңде алаңға шығып, бірнеше әсерлі сейв жасады. Осылайша, Михаил Кравец пен Митч Лавтың ойыншылары турнир қорытындысы бойынша төртінші орынды иеленді.
Михаил Кравец, KHL World Stars және «Барыс» бас жаттықтырушысы
– Бұған дейін де айтқанымдай, бұл ойыннан гөрі шоуға көбірек ұқсайды. Бізге жанкүйерлер үшін, олардың көңілін көтеріп, жүздеріне күлкі сыйлау үшін ойнау міндеті түсті. Шилдің алты шайба өткізіп алуы ма? Шайбалардың көбін ол «1-ге 0» және «2-ге 0» болып шыққан сәттерде жіберді. Қорғаныссыз қақпашыға ойнау өте қиын. Хоккейлік кёрлинг пе? Ондайға қатысып көрмеппін, бұрын жаттықтырушылар үшін мұндай байқаулар да болмаған. Шайбаны шеңберге жұмсақтау жібергім келген, бірақ оған дейін мұз жақсы құйылғандықтан, сәл әлсіздеу лақтыру керек болды. Алдағы жоспарлар ма? Біріншіден, Астанаға аман-есен жету керек. Одан кейін жаттығулар мен матчтарға дайындық. Қазір бізді өз алаңымыздағы бес ойын күтіп тұр, қарсыластардың бәрі мықты, сондықтан жеңіске жетуге тырысамыз.
Адам Шил, KHL World Stars және «Барыс» қақпашысы
– Бұл біз күткен нәтиже емес, бірақ ең бастысы бәрі ләззат алып, ешкім жарақат алмады. Отбасымызбен және достарымызбен жақсы демалыс өткіздік. Мен өзім де жақсырақ ойнағым келген, бірақ мұнда статистикаға аса мән берген жоқпыз. Өйткені бұл көңіл көтеруге, балалар мен отбасыларға арналған демалыс күндері. Кравецтің байқауға қатысуы ма? Мен оның лақтырғанын көрмедім, бірақ нәтижесіне қарап, сәл асырып жібергенін түсіндім. Бұл сәтпен бірге аздап жұмыс жасаймыз. Мүмкін, үйге оралған соң кейбір жігіттер де оған кеңес берер.
Жұлдыздар матчының екінші күнінде көрермендер Мастер-шоудың екінші бөлігін тамашалады: «Лақтыру күші», «Қақпашылар байқауы» және «Хоккейлік кёрлинг». Ең қуатты соққымен Ural Stars және «Трактор» командасының қорғаушысы Григорий Дронов көзге түсті (154,88 км/сағ).
Биыл қақпашыларға тек қарсыластың соққыларын қайтару ғана емес, сонымен қатар таяқшаны меңгеру шеберлігін көрсетіп, дәлдікке және күшке лақтыру тапсырылды. Бұл байқауда бірінші орынды Ural Stars сапындағы, «Автомобилист» клубының қақпашысы Владимир Галкин иеленді.
«Хоккейлік кёрлингке» ҚХЛ Жұлдыздар матчы командаларының барлық жаттықтырушылары қатысты. Олар қақпа сызығынан лақтыру арқылы шайбаны алаңның ортасына барынша жақын жеткізуі керек болды. Сонымен қатар жаттықтырушылар өз позициясын жақсарту үшін қарсыластың шайбаларын қағып жіберуге құқылы болды. Әр жаттықтырушыға бір мүмкіндіктен берілді. Ең үздік лақтыру U23 Stars және «Нефтехимик» командасының жаттықтырушысы Игорь Гришинге тиесілі болды.

2026 жыл Жұлдыздар матчының екінші күніне 11 423 көрермен келді. Екі күндегі жалпы көрермен саны – 22 769 адам.
Уикендтің финалдық кездесуінде Rus Stars U23 құрамасындағы жас қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, 9:2 есебімен жеңіске жетті. Ерекше назар аудартқан сәт қақпашылардың «2-ге 2» форматындағы төбелесі болды. Максим Дорожко Сергей Ивановқа шақыру тастаса, Илья Набоков Филипп Долгановпен айқасты. Төбелес нәтижесінде барлық қақпашылар айып алаңына жіберіліп, Аймурзин бос қақпаға гол соқты. Нәтижесінде «Северсталь» шабуылшысы пента-трик жасап, матчтың үздік ойыншысы атанды.
Фотосурет - photo.khl.ru, Юрий Кузьмин, Владимир Беззубов, Максим Шмаков.
Достарыңызбен бөлісіңіз
Войдите в профиль
Чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь
Достарыңызбен бөлісіңіз
Сілтемені көшіріп алыңыз немесе әлеуметтік желілерде бөлісіңіз.