Никита Бояркин: «Жаңа маусымға өзімнің жақсырақ нұсқам ретінде аяқ басамын»
10 мамыр


Алдағы әлем чемпионатына қатыса алмайтын «Барыс» қақпашысы Никита Бояркин өзін қалыпқа келтірудің қалай өтіп жатқанын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

- Никита, сені әлем чемпионатын жіберіп алады деген соң көрінбей кеттің ғой мүлдем. Қазір немен айналысудасың?

- Мен әлем чемпионатына қатыса алмайтыным түсінікті болған кезде, барлық талдауларды тапсырып, ауруханаға жаттым. Маған бірден ота жасады. Міне, қалпыма келіп жатқаныма бір аптадай болды, аяғым болса бастапқы қалпына ақырындап оралуда.

- Сенің толық қалпына келуің қанша уақытты алады?

- Қалпыма келу шамамен бір жарым айға созылатын болады. Жазда «Барыс» жиындарының басталуына қарай толықтай жаттығуға дайын боламын деп үміттенемін.

- ҚХЛ-дағы алғашқы өткізген маусымыңды қалай бағалайсың?

- Менің ойымша, маусым аралас болды: жақсы да, жағымсыз да сәттер болды. Мен өзім үшін қорытындылар шығардым, жаттықтырушылармен бірге қателермен жұмыс жасадым, қандай нәрселер жақсартуды қажет екенін түсіндік. Жаңа маусымға өзімнің жақсырақ нұсқам ретінде аяқ басамын (күлімсірейді).

- Жаңа лигаға ауысқанда ойын стилін өзгерту қажет болды ма?

- Мен аса ештеңені өзгертпедім. Тек кей жерлерде сәл жоғарырақ ойнай бастадым. Жалпы алғанда бәрі бұрынғысынша, матчтарға деген көңіл-күй де.

- Гагарин Кубогының финалдық сериясын қарадың ба? ЦСКА мен «Металлургте» Қазақстан құрамасы бойынша саған жақсы таныс жігіттер ойнайтынын ескере отырып, кімге артықшылық бердің?

- Финал өте қызықты өтті, командалар әдемі хоккей көрсетті. Мен ешкімге артықшылық бермедім, тек тартысқа толы қызықты ойын ретінде тамашаладым. Даррен Дицті Гагарин кубогын жеңіп алуымен құттықтағым келеді, ол бұл кубокты жеңіп алу үшін ұзақ жолды өтті.

- «Сарыарқа» және «Арлан» арасындағы финал туралы сұраудың қажеті жоқ шығар?

- Иә, бұл матчтарды да көрдім. Бұл серия да өте тартысты әрі қызықты өтті. Менің ойымша, бұл жерде «Сарыарқа» жігіттерінің жастығы маңызды рөл атқарды. Мүмкін, шешуші матчқа олардың күші көбірек қалған болар. Команданы қатарынан екінші чемпиондықпен құттықтаймын!

- Латвиядағы оқу-жаттығу жиындарында жүрген жігіттермен қазір байланыс ұстайсың ба?

- Көбімен жазысып тұрамын, жағдай қалай болып жатқанын талқылаудамыз. Кейбір жеке тақырыптарды да талқылай аламыз. Барлығы байланыста, қазір уақыт сондай ғой.

- Оойын-жаттығу жиындарының екінші циклына қатысатын қақпашылардың қайсысы команданың бірінші нөмірі бола алады деп ойлайсың?

- Менің ойымша, барлық жігіттер лайықты, барлығы да командаға пайдалы бола алады. Әрбірінің өзіндік жақсы қасиеттері бар және әрқайсысы бірінші нөмір бола алады. Жаттықтырушыларға бұл таңдауды жасау қиын болуы мүмкін. Мен олардың барлығына сәттілік тілегім келеді.

- Қазақстан құрамасы элитадағы әлем чемпионатында өткен жылғы нәтижесін жақсарта ала ма?

- Мүмкіндіктер әрқашан да бар. Бізде жақсы команда мен жаттықтырушылар штабы бар. Біздің команда нәтижені жақсарту және плей-оффқа шығу үшін бар күшін салатынына сенімдімін.

- Қазір сенде хоккейден бос жеткілікті уақыт болады. Қандай жоспарларың бар?

- Қандай да бір үлкен жоспарлар жоқ. Мен операциядан кейін қалыпқа келумен айналысамын, бұған көп көңіл бөлетін боламын. Мүмкін демалуға бір жерге барармын. Бірақ мен үшін бастапқы міндет бұл дұрыс қалыпқа келу және жаңа маусымға дайындықты бастау.

«Барыс» ХК бас серіктесі - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ

«Барыс» ХК серіктесі - «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ

 

 

Бөлісу: