«Барыс» БЖСМ демалыстан шықты
17 шілде

Қазіргі уақытта 2002-2008 жылдар аралығында туғандардан құралған барлық командалар жаттығуларға кірісті және жаңа маусымға дайындықты бастады. Кіші жастағылар тамыз айының басында демалыстан шығады. Тамыз айының ортасында 2014 жылы туылған балаларды қабылдау жарияланатын болады.

«Барыс» БЖСМ директоры Алексей Мамонтов мектеп жұмысындағы жаңашылдықтарға тоқталып, командалардың түрлі жарыстарда өнер көрсетулері бойынша жоспарларын айтты.

- Алексей Юрьевич, мамыр айында «Барыс» БЖСМ 2001 жылы туған балалар бітіріп шықты. Олар өз еңбек жолдарын қайда жалғастыратыны туралы ақпарат бар ма?

- Бұл біздің екінші толыққанды түлектеріміз болды. Қазір 18 бала "Снежные Барсы" командасының жиынында, кейбіреулері келісімшарттарға қол қойды. Қорытынды құрамға өтпегендер үшін басқа нұсқаларды қарастырамыз. Мүмкін, бұл басқа қазақстандық клубтар болатын шығар немесе олар Қазақстанның жастар лигасында "Барыс" командасында ойнауды жалғастырады.

- Бапкерлік штабта өзгерістер бар ма?

- Біздің бапкерлер штабында ешқандай өзгерістер болған жоқ. Команда ішінде кейбір ротация ғана болды. Қазір біз жүйені сәл өзгерткіміз келеді. Бапкерлердің спортшыларды құрамдаудан бастап бітіруге дейін жеткізетін практикасынан алшақтауға тырысамыз.  Қазір біз бапкерлердің қайсысы балаларға жинақтау кезінде көбірек тәжірбие бере алатынын, қайсылары орта жастағы спортшылармен жақсы нәтиже көрсете алатындарын, ал ересек балалармен жұмыс істеуге кім жақсы дайын екенін көріп отырмыз.

- Көктемде барлық балалар арнайы тестілеуден өтті. Қазір бұл тесттердің нәтижелері туралы не айтуға болады?

- Хоккейде сырғанау техникасы өте маңызды екенін білеміз,сондықтан осы компонентке көп көңіл бөлеміз. Клуб  тестілеу және мәліметтерді алу үшін үлкен әлемдік деректер базасына ие швейцариялық «Спорт Тест» компаниясын екінші рет тартып отыр. Біз спортшыларымызды басқа хоккейшілермен салыстыра аламыз және олардың қандай деңгейде екенін түсіне аламыз. Бірінші тест жүргізілгеннен кейін біз оның нәтижелерін бастапқы нүкте ретінде алдық, бізге қай жағынан бастап жұмыс істеу керектігін анықтадық. Ал екінші сынақты өткізгеннен кейін біз оң динамиканы көрдік, көптеген балалар сырғанаудан біраз ысылды.

- Осы маусымда біздің командалар үшін жарыс бөлігі қандай болады?

- Дәстүр бойынша біздің командалар Қазақстан чемпионатына қатысады. Ұсынылатын ең кіші жас-2010 жылы туғандар болады. Көптеген командалар, сондай-ақ үлкен жастағы топтарда ойнайды. 2002 және 2003 жылы туған балалардан Қазақстан жастар лигасының чемпионатында өнер көрсету үшін команда құрылады. Сондай-ақ, біз Ресей біріншілігіне, Орал кубогына және ЮХЛ чемпионатына қатысатын боламыз. Көктемде біз міндетті түрде «Газпром кубогына» қатысамыз, мұнда «Барыс-2009» ойнайды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда «UTLC Ice Cup» екінші ойынын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Бас серіктес "Барыс" ХК – "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ.

Бөлісу: