БАРЫС АҚКӨЛДЕГІ БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ҚОНАҚТА
28 желтоқсан

«Барыс» хоккейшілері Астанадан жүз шақырым жерде орналасқан Ақкөлдегі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қонаққа барды. Роман Старченко, Мадияр Ибрайбеков, Никита Иванов, Владислав Никулин, Әлихан Әсетов, Егор Шалапов, Евгений Рымарев, Роман Рачинский, Нұрсұлтан Белгібаев, Кирилл Панюков, бапкер Евгений Королёв, клубтың вице-президенті Арман Нұрымбетов сондай-ақ команда бойтұмары Барсик те ере барды. Әрине, команда құр алақан барған жоқ. Жергілікті балалардың хоккейге ынтасы зор екендігін білетін «Барыс» хоккейшілері оларға ойын формаларының жиынтығын, оның ішінде қақпашы жарағынан бастап, команда джерсин, шайба мен ойын таяқтарын сыйлады. Ақкөл әкімшісіне команданың қолтаңбасы бар атаулы свитер сыйға тартылды. Хоккейшілердің келуін тағатсыздана күткен балалар да, спортшыларға әзірлеген шығармашылық  нөмірлерін ұсынды. Кештен кейін олар хоккейшілермен тілдесіп, сан түрлі сауалдарын қойды. Кездесу соңындағы жарқын сәттің бірі – жергілікті балақайлармен «Барыс» ойыншылары арасындағы достастық матчы болды. Ойын барысында әр команда құрамында кәсіби және әуесқой хоккейшілер араласып өнер көрсетті. Мұз айдынындағы додаға қатысушылардың көңілі көтеріліп, бір-біріне деген ықыласы арта түсті. «Барыс» жігіттері кетерде балақайларды Астана айдынында өтетін кездесуге шақырды. Айта кету керек, Ақкөл балалар үйінің тәрбиеленушілері елорда да өткен ойынға бірнеше рет қатысқан. Тіпті, олар команданың киім ауыстыратын бөлмесіне де кірген болатын.

Бөлісу: