ЮРИЙ МИХАЙЛИС: «ОЙЫНШЫЛАРДЫҢ ЖАҢА БУЫНЫ ӨСІП КЕЛЕДІ»
01 наурыз

«Номад» командасы ертең Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңіндегі бірінші кездесуін өткізеді.  Юрий Михайлис шәкірттері Павлодарлық «Ертіске» қарсы тұрады.  Ойын наурыздың 2 мен 3 күндері Астанадағы жаңадан салынған «Барыс Арена»  мұз сарайында өтеді. Кездесудің басталуы 19:00. Кіру тегін. Осы маусымдағы шешуші сынның алдында «Номад» командасының бас бапкері Юрий Михайлис команданың баспасөз қызметіне жыл бойы жүргізілген жұмыстарды қорытындылап, плей-офф кезеңіне жүргізілген  дайындықты және Қазақстан хоккейіне  қосылатын жас буын  жайлы  сұхбат берді.

- Биылғы маусымда «Номад» командасының өткен жылғы чемпионаттағы нәтижелерімен салыстырғанда  турнирлік кестенің алдыңғы орнында тұр. Клубтың бұл нәтижисіне көңіліңіз тола ма?

- Егер чемпионаттың қорытынды нәтижесімен бірге алатын болсақ, онда ризамын. Берілген тапсырманы клуб басшылығы орындады. Плей-оффты өз айдынымызда бастаймыз. Жалпы ойын маусымы қызықты өтті. Оның өзін үш кезеңге бөліп қарауға болады. Басында бізде бір ғана команда болды. Алғашқы екі айда  бірінші-екінші орынды бермей жүрдік. Одан кейін чемпионаттың ортасына келгенде бізде тіпті басқа команда болды. Ол кезде жеңіс пен жеңіліс қатар жүріп жатты. Тіпті жеті бірдей ойынды сәтсіз өткерген кездереміз болды. Міне енді чемпионат соңында  және шешуші плей-офф кезеңінде біз үшінші командамен шығып отырмыз. Бір жағынан бұл қызықты тәжірибе, екінші жағынан команданың құрамында тұрақтылық жоқтығын көрсетеді.

- Дегенмен дәл мұндай жағдай кез келген фарм-команданың басында болуы мүмкін ғой?

- Біздің негізгі мақсаттымыздың бірі –  хоккейшілерді баптап және оларды бірінші команданың сапына қосу. Сондай-ақ олардың қалпын жоғалтпай дұрыс жұмыс істеуіне жәрдемдесу.  Бір қуантарлығы «Номад» сапында қаншама өзгеріс болса да, ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсетті.

- Өзіңіз айтқандай «Номад» плей-офф кезеңіндегі алғашқы кездесуін өз жерінде өткізеді. Осы орайда Астана айдыны ойын тағдырына әсер ете алады ма?

- Біз кеше жігіттермен сөйлестік, бүгін клуб басшылығымен жиналыс өтеді. Меніңше, плей-офф кезеңіндегі ойынды эмоционалды түрде бастаған жақсы.  Осы орайда бізге жанкүйерлер қолдау білдірсе жақсы болар еді. Жалпы бұл кездесу тартысты, көрерменге ұнайды деп айта аламын. Сондықтан Қазақстан чемпиоанатының финалдық кезеңдерін тамашалауға шақырамын және бәріміз «Номадқа» жанкүйер болайық.

- Чемпионат барысында «Номад» пен «Ертіс» алты рет кездесіп, соның барлығы Сіздің командаңыздың жеңісімен аяқталған.  Ендігі матч психологиялық тұрғыда қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

-  Бұл жөнінде жігіттермен сөйлесеміз. Осыған дейінгі «Ертіспен» өткен ойындарды ұмыту керек. Өйткені біз плей-офф кезеңінде тұрмыз. Қазіргі сәттегі ойын  дәрежесі мен мазмұны және мағынасы тіпті бөлек.  Сондықтан біздің команда өзін жігерлендіруі қажет. Ал жыл бойы бізден жеңіліс көріп келген Павлодарлықтардың жеңіске ұмтылары анық. Бұл ретте ешкім жеңісті қолдан бермейді.

- Соңғы ойындарда «Номад» құрамында ҚХЛ өнер көрсеткен хоккейшілер пайда болды.

- Осы орайда өткенді еске түсірген жөн шығар. Өйткені ҚХЛдан келгендердің көбі Қазақстан чемпионатында өнер көрсетуде. Бір жағынан бірінші командадағы жігіттермен сөз жүргізген болатынбыз. Себебі алдыңғы екі ойында олар «Номад» сапында болды. Көрсетуі керек деңгейін олар көрсете алмады. Ал қазір байқағанымыздай жаттығу барысында олардың жігері артқан. Көп ойыншылардың плей-офф ойындарына қатысқан тәжірибесі бар. Сондай-ақ Қазақстан чемпиондары да бар. Жалпы алғанда қазір кез келген бапкер армандайтын – тәжірибелі жастар ұжымы жасақталып келеді. Меніңше жауапты ойында олар өздерін көрсетуге тиіс.

- Сондай-ақ сіздің қазіргі шәкірттеріңіздің арасында Қазақстан ұлттық құрамасы сапына енді деген ойыншалар да аз емес. 

- Ия, бұл жөнінде де жігіттерге айтқан болатынмын. Плей-офф – бұл әлем чемпионаты алындағы үлкен дайындық. Клубтық маусымның соңында олар өздерін барлық қырынан көрсетуі керек.

- «Номадтың» бірден бір мақсаты – команда құрамына ойыншыларды белсенді түрде тарта отырып, жастардың деңгейін көтеру. Осы бағыттағы жетістіктерді айтып берсеңіз?

- Өткен жылғы маусыммен салыстарғанда ойыншалардың аяқ алысы, мұздағы сырғануы, техникалық қимылдары әлдеқайда ілгері басқан. Сондықтан олар бірінші командаға шақырту алады. Осы маусымда «Барыс» құрамында 12-20 ойын өткізіп үлгергендер де бар.

- Қазақстан хоккейінде қашаннан бері жұмыс істеп келесіз. Бұрынғы жылдары ересектер хоккейіне ерте жастан араластындар аз болатын ғой. Қазір олардың саны артқанға ұқсайды. Сіздің ойыңызша бәсекелестік деңгейі қалыптасты ма?

- Ол жағдай жөнделіп келеді. Дегенмен хоккейдегі ойыншылар тапшылығы әлі де өзекті. Негізгі бәсекелестік және ойыншылардың жаппай легін біз 1998-1999 жылы туған жастардан күтеміз. Олардан ұлттық құрама жасақтауға болады. Оған дейін олар Қазақстан чемпиоанатында, Жастар хоккей лигасында, ЖХЛ, ҚХЛ бақ сынап үлгереді

- Яғни Сіздіңше қазіргі өсіп келе жатқан жастар алдыңғы уақытта тәжірибелі, әрі жасы келген ойыншылар мен легионердерді ығыстарып шығара алады ғой? 

- Әрине! Неге жоқ?! Ойыншылар тырысып бағуда. Ең бастысы – өздеріне қойлыған талыпты төмендетпеуі керек. Қазір олар бірінші командада жүрген шетелдіктерден тәжірибе алып жатыр. Сондықтан хоккейдегі буын алмасу табиғи құбылыс. Және ол жүріп жатыр. 

- Және соңғы сауал, «Номад» плей-оффқа қалай дайындалып жатыр?

- Өскеменнен келгеннен кейін біз бір-ақ күн демалдық. Одан кейін күніне екі реттен жаттығу жүргіздік. Кейін күніне бір реттік дайындық режиміне көштік. Ертең таңертеңнен бастап мұзда сырғанаймыз. Содан кейін қарсыласпен жолығамыз.

Бөлісу: