Юрий Михайлис: «Басты міндет – жастарды бірінші команда үшін ойнатып шынықтыру»
12 шілде

«Номадтың» бас жаттықтырушысы Юрий Михайлис жиындардың алғашқы қорытындыларын шығарды, жаңа маусымға құрамды қалыптастыру қағидаттары жайлы баяндап, бірінші кезектегі міндеттерді атап өтті.

- Юрий Владимирович, «Номадтың» ЖХЛ-ға кіруі командаға не береді деп ойлайсыз?

- Бірінші кезекте бұл жігіттерге жаңа тәжірибе жинақтау мүмкіндігі. Көптеген ойыншылар Қазақстан чемпионатында өздерін жақсы көрсете білді, әрі қарай алға ұмтылу керек, алға жаңа мақсат қою керек. ЖХЛ-да ойын деңгейі өзгеше, жылдамдық та басқаша келеді, әртүрлі командалармен ойын көп өтетін болады. Бұл біздің бірінші командамызға да пайдасын тигізеді.

- Маусымға дайындық жүйесі өзгереді ме?

- Иә, біз үшін үйреншікті жұмыс жоспарын қайта құрастырдық. Бұрын бізде ҚРАЧ шеңберінде қос ойындар болатын, ал қазір біз бір күндік үзіліспен бірнеше матчты өткізетін боламыз. Мұндай жүйе кезінде «физикалық» дайындыққа көңіл бөліп, жігіттердің жағдайын үнемі бақылап отыру қажет.

- Қазір жаттығу жиындарында қандай тұстарға мұқият көңіл аударасыздар?

- Барлық хоккейшілер физикалық дайындығы тұрғысынан жаттығу жиындарына әртүрлі жағдайда келді. Қазір барлығын бір деңгейге, бірыңғай физикалық формаға жеткізгіміз келеді. Бірақ, іс жүзінде жігіттердің 90 пайызы демалыстан жүктемеге дайын күйінде қайтты. Олар тестілеуден өтті, нәтижелері де әртүрлі. Сондықтан айдың соңында тексеруден тағы бір өткізіп, барлық спортшылардың бойынан ілгерілеуді көргіміз келеді.

- Команда жас құрамы бойынша біршама жасарды. Бұл немен байланысты?

- Әрине, Дмитрий Мальгин, Артемий Лакиза, Илья Ковзалов сияқты ойыншылармен қоштасу біз үшін көңілге бататын жайт. Олар біздің командаға көп уақыттарын жұмсады, үлкен пайда әкелді, нағыз көшбасшы болды. Бірақ бұл жігіттер енді құрамаға өтпейді. Біз кез-келген уақытта «Барыста» немесе Қазақстан құрамасындағы ойыншыны алмастыра алатын адамдарды құрамада ұстауды жоспарлап отырмыз. Әрине, бізде құрамада әлеуеті мол жаңадан келгендер де баршылық, оларды жақын арадағы «Сарыарқамен» өтетін жолдастық ойындарда сынап қарайтын боламыз. Бірақ, негізінен, өзіміздің жігіттерімізге сенім артамыз. «Номад» командасының өткен құрамынан келген көптеген жігіттерді ұстап қалдық, бізге «Снежные Барсы» командасынан келген жігіттер де бар.

- «Барыс» жүйесі жасақтаған жас жігіттер басқа деңгейде ойнауға дайын ба?

- Әрқайсысының жанарында от байқалады, талпыныстары да зор. Барлығы да жаңа лигада өзін көрсеткісі келеді. «Снежные Барсы» командасынан шыққан көптеген жігіттер Қазақстан чемпионатында ойнаған жоқ, енді олар бірінші команданың жаттықтырушыларына өздерін танытуға және өз дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алды. Олар ересектер деңгейде өнер көрсетуге дайын екенін дәлелдеу керек.

- «Номад» маусым алдындағы екі турнирлерде өнер көрсетеді. Бұл ойын жоспары тұрғысынан ЖХЛ чемпионатының басталуына дайындалу үшін жеткілікті ме?

- Менің ойымша, жеткілікті. Әртүрлі командалармен, соның ішінде ЖХЛ чемпионы «Сарыарқамен» ойнаймыз. Орск пен Тюменьде өтетін турнирлерде біз барлық ойыншыларды сынауға жақсы мүмкіндік аламыз. Оның үстіне біз өткен маусымды ұмытқан жоқпыз, ол жазда біз тым көп ойын өткізген болатынбыз. Бәлкім, осыдан болар, біз чемпионатты ойдағыдай бастай алмадық.

- Жақында маусымдық күнтізбе шықты. Біздің команда тұрғысынан ол туралы не айтасыз?

- Әрине, біз оны зерделедік. Ойынның басталуы қызықты болмақ, бізге мықты командалар, ЖХЛ вице-чемпионы, чемпион келеді. Бұл ойындарға оңтайлы түрде кірісуге тырысамыз. География тұрғысынан алғанда, бізге әдеттегіден біршама қиын болады. Ұшақпен жиі ұшу мен орын ауыстыру, сағат белдеулерінің ауысуы көп болмақ, Шығыстан Батысқа саяхаттар болады, олар әрдайым қиынға соғады. Бірақ бұны барлық командалар бастан өткереді.

- Дебюттік маусымда команда алдында қандай міндеттер тұрады?

- Басты міндет – жастарды бірінші команда үшін ойнатып шынықтыру. Турнирлік кесте тұрғысынан – плей-оффқа шығуға тырысамыз.

Бас серіктес "Барыс" ХК – "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ.

Бөлісу: