ҰҚК U18
18 сәуір

Беларусияда сәуірдің 9 мен 15 аралығында жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының бірінші дивизионындағы  «А» тобында бәсеке өтті. Қазақстан құрамасы турнирдің қола жүлдегері атанды. Қазақстандық команданың құрамына «Барыс» жүйесінен 5 хоккейші енді: Кирилл Полохов, Сергей Лазарев және Александр Мелихов (барлығы «Снежные Барсы»), екі ойыншы «Барыс-БХЛ» - Кирилл Пономарев пен Валерий Орехов. Біз аталған ойыншылардың әрқайсымен сұхбат құрып, халықаралық турнирден кейінгі алған әсерін сұрадық.

Қорғаушы Кирилл Полохов үшін осы маусымдағы екінші қола жүлде (желтоқсан айында ол Қазақстанның жастар құрамасы сапында әлем чемпионатында үшінші орын иеленген). Сондай-ақ спорттық карьерасындағы бұл екінші әлем чемпионаты.

- Екінші рет те саған жеңіл болған шығар?

- Керісінше, осы жолы өте ауыр болды. Құрамадағы ересек ойыншы болғаннан кейін барлық жауапкершілік біздің мойынға артылды. Шынын айтқанда өз ойыныма көңілім толған жоқ. Одан да жақсы өнер көрсетуге болар еді.

- Нақты көңіліңнен шықпағаны қайсы болды?

- Болмайтын жерде көп гол өткізіп алдық. Тіпті соңғы Австриямен өткен ойында біздің ауысым толық құрамда шайба жіберіп қойды. Жалпы соғылуға тиісті емес шайбалар өтіп кетті.

- Командалардың деңгейі туралы не айтасың, қарсылас құрамалардың сапында айтарлықтай өзгеріс жоқ қой?

-  Өткен жылы осы топта ойнаған қиындау болатын. Ол кезде біздің құрама сапындағылардың жасы кішірек еді. Ал қазір өзімізбен түйдей құрдас хоккейшілермен ойнадық.

-   Беларусия мен Германия құрамасын жеңуге не жетіспеді?

- Беларусь командасымен болған ойында бар мүмкіндігімізді дұрыс пайдалана алмадық. Бірінші кездесу болғандықтан жігіттерде ойын жетіспей қалды.  Ал Германиямен болған матчта эмоция болмады. Біз олардан негізгі уақытта жеңіліп қалған едік. Алайда Александр Мелихов уақыт аяқталуына секунд қалғанда есепті теңестіріп үлгерді. Овертаймда жинақталып үлгермей, соның салдарынан шайба өткізіп алдық.

- Сіздерде бестіктер арасында гол соғатын немесе топты ұстап тұру қызметі сияқты тапсырма болды ма?

- Жоқ, ондай болған жоқ. Барлық топқа қарсылас қақпасын шабуылдау, көбірек оларға қиындық туындату, сондай-ақ қорғаныс шебін қожыратпау тапсырмасы қойылды.  Бапкерлер құрамы әркезде қарсыластың ығына кетпей, бірінші болып өз ойынымызды жүргізу керектігін айтып отырды. Әрбір хоккейшіден бойындағы барлық жақсы әдіс-тәсілін қолдану керектігін талап етті.

- Біздің топта айтуға тұрарлық, көшбасшы команда болды ма? Әлде барлығының деңгейі бір ме?

-  Қағазға қарағанда бар деп айтуға болады. Көбі Германияны ең мықты құрамалардың бірі деп жазып жатты. Алайда іске келгенде барлық команданың шама-шарқы бір болып шықты. Австрия құрамасы ғана осалдау болған шығар. Десе де олармен ойнаудың өзі қиын болды. Кездесу соңына дейін табандап тұрып алды.

- Яғни чемпионаттың алтын медальін иеленуге біздің құраманың да мүмкіндігі болды ғой?

- Әрине, бірінші орынға не бары үш-ақ ұпай жетпей қалды. Егер әлем чемпионатына дейін 3-4 рет жолдастық кездесу өткізгенде, бір-бірімізбен толық түсіністік тауып тамаша ойнар едік. 

- Егер жастар арасындағы әлем чемпионаты туралы айтар болсақ, ол кезде сендер үшінші кездесуден бастап ойынға жан бітірген едіңдер ғой? 

- Мүмкін үшінші матчқа дейін немістермен кездесерде алдын ала бірдеңені болжауға болар еді. Беларусьтармен болған ойын көбін шайқап жібергендей. Көрерменге лық толы трибуна, кейбіреулері мұндай жағдайда алғаш рет ойнап тұр. Осыдан кейін қабалжудың болары анық. 

- Минискідегі әлем чемпионатынан қандай сәт есте қалды?

- Ойын аяқталуға бір секунд уақыт қалғанда есеп айырмасын теңестірген сәт есте қалды. Ойынды овертаймға жеткізгенмен, ары қарай жеңіске қол соза алмадық.

 

Дәл осы шайбаны соғып, есте қалар жарқын сәтті сыйлаған Қазақстан құрамасының  ойыншысы Александр Мелиховпен сұхбатты жалғастырамыз. «Снежные Барсы» шабуылшысы үшін жасөспірімдер арасындағы дода екінші әлем чемпионаты. Ал халықаралық аренадағы алғашқы қола жүлдесі.

 

- Өткен жылғы турнирмен салыстарғанда биылғы додадан жақсы әсер алдым.  Ұйымдастыру мен мазмұны жағынан осы маусымдағы біріншілік жақсы болды.

- Бұған дейінгі сұхбатыңда Минскіде жақсы қырынан көріну керектігін айтқан едің. Сол сөздің үдесінен шыға алдың ба?

-  Орташа ойнадым. Бапкерлер әлі де көбірек жұмыс істеу керектігін, гол соғатын мүмкіндіктерді жіберіп алғанымды айтты. Жеке бастың жетістігі ол екінші жоспардағы іс. Ең бастысы команда жақсы ойнады. Алға қойған тапсырманы артығымен орындады десе болады. Өйткені басты мақсат «А» тобындағы орнымызды сақтап қалу еді. Ал біз қолаға қол жеткіздік!  Команда тегіс жақсы өнер көрсетті. Әрбір бестік көзге түсіп, құрама біркелкі ойнады.

-   Турнир барысында сені бір топтан екінші топқа ауыстырды. Бапкерлер үйлесім табатын ойыншысы іздеді ме?

- Ия, мен ойынды орталық айдыннан бастадым. Менің орным соңғы жақта болғандықтан ол позицияға үйренбегенмін. Осы мәселені айтып бапкерге бірнеше рет бардым. Алғашқы  екі кездесуден кейін мені өз орныма қойды.

-  Ойын аяқталуға секунд қалған кезде Германия құрамасының қақпасына соққан шайбаң туралы айтып берші. Қалай болды?

- Біз толық құрамда болдық. Осы кезде бапкер қақпашыны алтыншы ойыншыға алмастырып, «6 да 4» болдық. Қорғаушы Сергей Лазарев шығарған шайбаны, қақпаға қарай бағыттадым. Сәтіне орай тура тиді. Соққы жасаған кезде қолым дірілдеп тұрған еді.

-  Егер өткен әлем чемпионаты мен ЖХЛ плей-офф ойындарымен салыстыратын болса, саған қай турнир қиындау болды?

- ЖХЛ плей-офф кезеңі қиын болды. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында құрдастарың немесе өзіңнен бір жасқа кіші хоккейшілер ойнайды.  Қайткен күнде олардың шеберлік деңгейі мен ойын өрнегі басқа ғой.

- Қазақстан құрамасын қарсылас командалармен салыстарғанда мықты деңгейдегі ұжым деуге бола ма әлде орташа топ деп есептейсің бе?

- Былай деп жауап беремін: егер бізде жаттығу жиыны мен турнирлар, өзге командалардағы сияқты жолдастық кездесулер өтетін болса, біз алтын медальға таласып, элиталық топтың жолдамасына қол созар едік. Біздің команданың әлеуеті зор, сондықтан аталған топтың ешқайсысына жатқызбаймын.

- Өзің үшін қай ойын қызықты өтті деп айта аласың?

- Норвегияға қарсы ойын шығар. Қарсыласымыз пас арқылы ойнап, әдемі тактика қолданды. Біз үшін бұл маңызды ойындардың бірі болды. Себебі, екі команда да үшінші орынға таласты. Олармен ойынды сәтті бастаған жоқпыз. Екі шайба өткізіп алдық. Алайда кездесу аяқталғанға дейін есеп айырмасын теңестіріп қана қоймай, басып оздық.  

 

«Снежные Барсы» қорғаушысы Сергей Лазарев жасөспірімдар арасындағы әлем чемпионатына екіші рет қатысып, осы жолы елге құр алақан айтқан жоқ.

 

- Әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдеңмен құттықтаймын. Нәтижеге көңіл тола ма?

- Әрине, ризамын. Қалай дегенмен де алғашқы медаль. Десе де өткен ойынды қарап отырып, одан да жоғары орынды иеленуге болатындығын түсіндім.

- Жігіттер ойын жетіспегенін айтты. Сол ғана себеп пе?

- Кейбіреуіне ойын, кейбір ойыншыға сенімділік жетпеді. Айталық, екі бестік өскемендік жігіттерден жасақталды. Олар БХЛ бір командада ойнады, бір-бірін жақсы біледі. Алайда көп жігіттер үшін бұл ауқымы кең алғашқы турнир болған соң қобалжыды.   Өйткені ондай өз басымнан өткен. Былтырғы додада мен де солардың орында болғанмын. Өрескел қателікке бой алдырған сәттерім де болды.

- Ойындағы жылдамдық, мұзда тез шешім қабылдау жағынан қарсыластардан кем түспедік пе?

- Меніңше жоқ. Физикалық жағынан осалдық танытқан шығармыз. Екі кезең бойы жақсы ойын көрсеттік. Ал шешуші кезеңде күш жетпей, шайба өткізіп алдық. Қалған тұстарында қарсыластардан тіпті озық болдық.

- Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мен әлем Кубогын салыстыратын болсақ, қай турнир қиындау?

- Мәселен, оған қалай қарауыңда. Айталық, әлем кубогында маған жауапкершілік жүгі дәл әлем чемпионатына қарағанда көп артылмады. «Снежные Барсы» клубындағы жігіттердің жасы үлкендеу және ойын өткізу жағынан да тәжірибелі. Әлем чемпионатында ересектеу болғандықтан барлығын бізден күтті. Сондықтан қателікке бой алдыруға құқығымыз жоқ. Бұл турнирдегі ойын да әртүрлі. Әлем Кубогы – бұл маусым алды турнир болған соң барлық команда енді қалыпқа келіп жатқан сәт. Қателіктер де көп болады. Ал мына жарысқа маусым соңында  келіп отырмыз. Сондықтан осы кезең спорттық қалыптың шыңына келіп тұрған шақ.

- Алда көптен күткен демалыс келе жатыр. Оны қалай өткізуді жоспарлап отырсың?

- Қарағандыда, үйімде боламын. Ешқайда бармаймын. Сәл тынығып алғып, келесі маусымға дайындаламын. Өйткені өзімді жетілдіруге арналған жұмыс жеткілікті.

 

Әзірге демалыс барлық ойыншыларға бірдей басталған жоқ. «Барыс-БХЛ» Кирилл Пономарев пен Валерий Орехов  Қазақстан чемпионатының үшінші турында сынға түсуі керек.  Ел біріншілігінде олар  чемпиондық атағын сақтап қалуға күреседі. Бұл туралы кейінрек. Ал қазір әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, ол дода шайба соғып, жүлделі орынға ие болған Кирилл Пономарев жайлы әңгіме өрбітсек.

 

- Алғаш рет Қазақстан құрамасы сапында ойнадың ғой. Қандай әсер алдың?

- Әрине, құрама сапына өтіп, ұлттық командада ойнаудың өзі айтарлықтай. Өйткені 1998-1999 жылы туған ойыншылар арасында негізгі командаға үмітті хоккейшілер көп еді. Тәжірибе жинақтап, ұлттық құрамамен бірге алғаш рет ауқымды додаға қатысу мен үшін өте қызықты болды. Бұл әсерімді ешбір сәтпен алмастыруға келмейді. Менде дәл мұндай әсерлі көңіл-күй бірінші рет болып тұр.

-  Қиын болды ма?

-  Жасыратын несі бар, қиын болды. Жылдам хоккей, қарсыластардың өзгеше ойыны мен дайындық деңгейі бәрі басқаша. Алғашқы уақытта үлгере алмай қалатын сәттерім болды.

- Саған қай қарсыласпен ойнаған ұнады?

- Немістермен болған ойын ұнады. Команда күшті ойнайды,  шығарған пастары дәл әрі бірін-бірі жақсы көреді.  Олардың  пас шығарудағы үйлесімділігі тамаша екен.

-  Алайда сен дәл осы қарсыласпен болған ойында алғашқы шайбаңды соқтың ғой!

- Ия, негізі гол соғуға командадағы серіктестерім жағдай жасады. Мен тек келген шайбаны дәл көздеуім керек болды.

 

Қазақстан құрамасындағы он алты жастағы қорғаушы Валерий Орехов «Барыс» жүйесіндегі ең жас ойыншылардың бірі. Екінші бестіктің қорғаныс шебінде ойнаған жас хоккейші, екі бірдей нәтижелі пас шығарды. Минскідегі додадан қола жүлдемен оралды.

 

- Сен құрама сапындағы ең жас ойыншылардың бірісің. Ұлттық команданың іріктеуіне дейінгі бәсекелестікке шыдап, негізгі құрамға өту ауыр болды ма?

- Шынын айтсам құрамаға өтемін деп ойлаған жоқпын. Әрине барынша тырыстым. Ал әлем чемпионатында ойнап, ел намысын қорғау мен үшін тіпті үлкен қуаныш болды. Өте жақсы турнир өтті. Барлығы жылдам жүгіріп, тез қимылдайды екен. Мен үшін солай көрінді. Бұған дейін ондай ойынды көрген емеспін.

- Команданың бапкерлер құрамы екінші жұптағы қорғаушы ретінде саған сенім артты ғой. Қобалжыдың ба?

- Бірінші ауысымда қобалжу болды. Одан кейін ойынға араласып кеткеннен соң, айдында өзімді еркін сезініп тез үйреніп кеттім.

- Осы турнир саған қандай да бір өзгеріс жасады ма?

-  Әрине, мол тәжірибе алдым. Одан әрі қалай ойнауды және не нәрсеге талпыну керектігін түсіндім. Бұдан әрі жұмыс істейтін боламын!

Бөлісу: